МЕНІ РИЗА ЕТКЕН КІШКЕНТАЙ БАЛА...
МЕНІ РИЗА ЕТКЕН КІШКЕНТАЙ БАЛА...

Әр жұма сайын Франция мешіттерінің бірінде қызмет атқаратын имам оның 11 жасар ұлы Зайд "Жұмаққа апарар жол" атты парақшалар тарататын. Әдеттегідей бір жұмада күн аяқ асты суытып, қатты жаңбыр жауды. Жылы киініп алған Зайд: 

- Әке, мен дайынмын! - деді. 

- Ауа райы қолайсыздау болып тұр, балам. Бүгінше ешқайда бармай-ақ қояйық. Әрі мен ауруымнан толық айыққан жоқпын.

- Мүмкін парақшаларды өзім барып таратып қайтамын? - деді бала.

- Әрине, Зайд. Барсаң, барып қайт, - деп әкесі рұқсатын берді.

Жасының кішкентайлығына қарамастан Зайд бейтаныс адамдармен тез тіл табысатын. Ол далаға шығып, адамдарға парақша таратып тұрды. Бірер сағаттан кейін Зайдтың қолында бір-ақ парақша қалды. Қолындағысын кездескен адамға тапсырайын деп көшенің келесі басына үңіліп еді, ешкім көріне қоймады. Мынандай қолайсыз ауа райында бәрі үйінде отырса керек. Амалы таусылған бала бірінші кездескен үйдің есігін қақпақ болды. Расымен назары ауған үйдің қоңырауын басып көріп еді, еш дыбыс білінбеді. Алған бетінен қайтпай қайта-қайта басса да, жауап болмады. Кетіп бара жатқан Зайдты бұл үйге белгісіз бір күш қайта алып келіп, қоңырауын басқызды. Бұл жолы есік ақырын жылжып, ар жағынан қартамыс әйел көрінді. Көңіл-күйінің жоқ екені көрініп тұр. Зайдтан:

- Балақай, саған қандай көмек көрсете аламын? - деп сұрады. Ал ол болса күлімсіреген жүзбен әйелге қарап: 

- Сізге кедергі келтірсем, кешірім өтінемін. Жай Алланың сізді жақсы көретінін, Оның сізге тым мейірімді екенін айтқым келген. Мен сізге Алла туралы, өмірдің мәні жөнінде тереңірек білдіре түсетін мына парақшаны ұсынсам деп ем.

- Рахмет саған, балам...

    Бір апта өткеннен соң жұма намазының соңында оқып отырған лекциясын аяқтаған имам: "Маған қандай да бір сұрақтарыңыз, айтарларыңыз бар ма?" деп сұрады. Сол кезде әйелдер орналасқан артқы жақтан бір дауыс естілді. "Сіз мені білмейсіз. Мен өткен жұмаға дейін мұсылман емес едім, Ислам туралы да ештеңе білмейтінмін. Тіпті басымнан осындай жағдай өтеді деп ойлаған да емеспін. Күйеуім осыдан бірнеше ай бұрын қаза тапты да, мен мына әлемде жалғыз қалдым... Өткен жұмада ауа райы қатты өзгеріп, суытып кетті. Аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр жауа бастады. Сол күні маған өз-өзімді өлтіру туралы ой келді. Өмірден мән қалмағанына сенімді едім. Қолыма қалың жіп алып, екінші қабатқа көтерілдім. Орындыққа шығып жібтің бір ұшын үйдің төбесіне байладым да, екінші ұшын мойныма ілдім. Өзімді жалғыз, ешкімге қажетсіз сезініп, орындықтан секірейін деп тұрғанда, есіктің қоңырауы естілді. Өзіме-өзім есікті ашпайын, кім де болса кеткенін күте тұрайын дедім. Қоңырау толастамады. Сырттағы жанның кететін түрі көрінбейді. "Мені іздейтін ешкім жоқ еді ғой" деп ойлап қоямын. Орындықтан түсіп, төменгі қабатқа келіп, есік аштым. Сыртта көздері жал-жұлт еткен, жүзінде жылылық бар бала тұр еді. Оның: "Мадам, мен сізге Алланың сізді жақсы көретінін, сізге мейірімін сыйлайтынын айтсам деп келіп едім" деген сөздері жүрегіме қатты әсер етті. Ол маған "Жұмаққа апарар жол" атты парақшаны ұсынды да, кете барды. Мен ол берген қағаздағы әр сөзді анықтап оқып шықтым. Жоғарыда ілулі тұрған жіп пен орындықты да алып тастадым. Енді олардың қажеті жоқ еді. Сіздер мені тірі әрі бақытты күйде көріп тұрсыздар. Мен Жаратушымды енді таныдым. Мешіттің мекен-жайы парақшада көрсетілген екен. Мұнда өз оқиғамды сіздерге айтып беруге және Алла тағала мені құтқаруға жіберген кішкентай балақайға рахмет айтуға келдім", - деді. 

Ол күні мешіттен жылап қайтпаған жан болмады. Ал Зайдтың әкесі осындай бала үшін Аллаға шүкіршілік айтып, оны құшақтап тұр еді...    

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 лет назад 6973
9 комментариев
О блоге
0
790257 262 418 11189 167