Хэллоуинді неліктен тойлауға болмайды?
Хэллоуинді неліктен тойлауға болмайды?

Былтыр қазан айының соңында болса керек. Жұмыстан кешірек шықтым. Әрі Алматыдағы абыр-сабыр саябырлап, кептеліс азайсын дедім бе екен, мен шыққанша қас қарайып, қараңғы батып кетіпті. Бағдаршамға тоқтап тұрғанмын. Жаныма келіп аялдаған көлікке көзім түсіп кетіп еді, жүрегім тоқтап қала жаздады. Тіпті көлігімнің рөлін бір сәтке жібере салыппын. Әлем-жәлем киінген, бет-ауыздарын адам көргісіз етіп бояп алған жастар, көлік терезесінен бастарын шығарып ырбаң-ырбаң етеді, ыржалақтап күледі, қолдарын ары-бері ербеңдетеді. Мұндайды көрмеген, шошып кеттім. Сонымен не керек, ол күні үйге жеткенше дәл солай киініп алған біраз адамды көрдім. Алғашында не екенін түсінбедім де. Тек ертеңіне ғаламтор мен әлеуметтік желілерде қазақ жастарының «Хэллоуин» атты мерекені тойлағаны туралы таласты әңгіме айтылып жатқанда ұқтым...

 

Хэллоуин мерекесі қалай пайда болды?

         Христиан діні келгенге дейін Англия мен Ирландия, сондай-ақ Франция жерінде Күнге табынатын кельт атты халық өмір сүрген. Олардың түсінігінше қыста күн өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады. Сондықтан олар 31 қазан күні күзгі өнім жинау науқанының бітіп, жаңа жылдың басталғанын білдіретін Самхэйн атты мерекелерін тойлайды. Уақыт өте бұл елге христиан діні келіп, пұтқа табынушылық кезінен қалған мейрамдардан бас тартса да, осы Самхэйн қалып қояды. ІХ ғасырда ІІІ Папа Григорий барлық әулиелер күнін 13 мамырдан 1 қарашаға ауыстырады. Ал мереке қарсаңындағы күн ағылшын тілінде «All Hallows Even» немесе «All Hallows Eve» («Барлық әулиелер кеші») аталып, тойлана бастайды. Кейінірек қазір аталып жүргендей «Hallowe’en» немесе «Halloween» деп, яғни «Хэллоуин» боп өзгертіледі. Осылай пұтқа табынушылардың мерекесі сақталып, күні-бүгінге дейін тойланып келе жатыр. Алғашында кезекті қарапайым мейрам болса, уақыт өте келе нағыз жын-ойнақтың өзіне айналады. Адамдар түрлі киімдер киіп, беттерін бояп, көшелерде ұсақ-түйек бұзақылықтар жасай бастайды. Түрлі бейнеде бірін-бірі қорқытып, тәттілер сұрайды. Құбыжықтар киімін киіп, үйлерге ұрлыққа түскендер де болған. Адамдар «бұл түні өлілердің рухы тіріледі, олар қаланы кезіп жүреді» дегенге сенеді. Сондықтан өздері де әруаққа ұқсас киімдер киіп алады. Ал асқабақ ішіне шам жағу дәстүрін ирландық Джек атты ұста ойлап табады. Ол туралы аңызға сенсек, Джек шам жағылған асқабақтар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан құтылып кеткен. Әрі күнәлары себепті жәннатқа бара алмаса да, осы шамды ұстап, ақырзаманға дейін Джек мырза жер бетін кезіп жүреді-міс.       

 

Хэллоуин қазақ жеріне қалай жетті?   

     ХІХ ғасырда Еуропадан Америка құрлығына көшкен халық өздерімен бірге мерекелерін де ала барды. Хэллоуин тұрақты түрде тойланып, одан ары дами түсті. Уақыт өте Хэллоуин киімдеріне сұраныс артып, бұл мереке коммерциялық тұрғыдан да пайда әкеле бастады. Кейіннен Хэллоуин басқа мемлекеттерге де кеңінен қанатын жаяды.

Ең сорақысы, соңғы бірнеше жылдың ішінде 31-қазан күні біздің елімізде де мерекеленіп жүр. Жастар бұл түні қорқынышты бейнелерде киініп, кафе, барларға жиналып көңіл көтеретін болған. Былтырғы жылы Астана мектептерінің бірінің үстінен журналистерге ата-аналар тарапынан шағым түскен. Мектеп ұстаздары оқушыларға Хэллоуиннің тойлайтынын айтып, мерекеге сай костюмдер сатып алуға бұйырған. Ренжіген ата-ана мерекенің мемлекеттік еместігін айтып, баласына костюм әперуден бас тартқан. Тағы бір жылы Алматыдағы Алмагүл ықшамауданындағы бір үйге «мереке» түні тойлаушы жастар машина дөңгелектерін өртеп тастап кеткен. Өрт сөндірушілер келгенше тұрғындар тұншығып үлгерген болатын. Бұлар журналистердің құлағына жеткен хабар ғана. Ал жетпегені қаншама?!

2010 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Құрманғали Уәли Хэллоуиннің жастарға кері әсері болатынын, Ислам дінінің қағидаларына қайшы келетінін, қазақ топырағында бұл мейрамды тойлауға еш негіз жоқ екенін айтып «мемелекет тарапынан тыйым керек» деген мәселені көтерген. Бірақ осы кезге дейін мемлекет тарапынан қандай да бір шешім қабылданған жоқ. Тойлаған ел, әлі сол қалпы тойлап жүр. Ал көрші Ресей, Малайзия мемлекеттерінің Хэллоуинге заң жүзінде тыйым салғаны белгілі.

Өкініштісі, Хэллоуинді қолдап пікір білдірген азаматтар да жоқ емес. Белгілі психолог Анна Құдиярова бір сөзінде бұл мерекенің басқа астарына үңілгеннен гөрі шығармашылықты дамыту, көңіл көтеру ретінде қараған дұрыс екенін айтқан.

 

Хэллоуинді мұсылман неліктен тойламауы тиіс?

        Рас, биылғы жылы Америка Хэллоуинді тойлауға 6.9 млрд доллар бөліп, ерекше дайындалып жатқан көрінеді. Тіпті тойдан бас тартқан мұсылмандарға арнап, арнайы костюмдер тігіп, оны нарыққа шығарғанын қайтерсіз? Ал еліміздегі көптеген бауырларымыз Хэллоуиннің түпкі мағынасын, мәнін түсінбей, еліктеп, солықтаудан ғана тойлап жүрген болар. Мейрамды мерекелемеуге мемлекеттен ғана тыйым күтіп отыра беруіміз дұрыс емес. Әрқайсымыз саналы түрде Хэллоуиннен бас тартуымыз керек.

Оған бірнеше себеп те бар: 

  1. Хэллоуин – мұсылмандардың емес, пұтқа табынушылардың әруақтарды шақыратын мерекесі.  
  2. Мұсылмандар өлгендеріне құрмет көрсетеді, артынан жаман сөз айтпайды, Құран оқиды. Ал бұл мереке өлі аруақтарды қорлап, оларды шақырып, мазаққа айналдырады.
  3. Дінімізде ақыл-есі бүтін адамдардың өзін «жындыдай» ұстауы дұрыс емес. Хэллоуин болса, жын-шайтандардың, мыстандардың мерекесі іспетті.
  4. Сансыз асқабақ пен костюмдерге, бояуларға ақша жұмсау – ысырапшылдық.
  5. Бұл мерекеден мұсылмандар тұрмақ, «дінімізге қайшы келеді» деп көптеген христиандар да бас тартқан.
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 лет назад 5939
4 комментария
О блоге
0
790257 262 418 11189 167
Прямой эфир