ТЕҢДЕССІЗ БАЙЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТАПҚАНЫМ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА
ТЕҢДЕССІЗ БАЙЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТАПҚАНЫМ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА

Осыдан екі ай бұрын islam.kz порталының блогплатформасынан тамаша бір жазба оқыдым. Ол Данияр Жігітбек бастаған жігіттер тобының уатсаппен Құран хатым етуді қолға алып, Құранды - Раббымыздың сөзін күнделікті өмірлерінің бір бөлшегіне айналдыра бастағаны еді. Уатсапта топ құрған жігіттер екі ай сайын әрқайсысы жеке-жеке Құран хатым етіп отырады. Ол топтарындағы әңгіме тек Құран туралы болады. Күніне 10 беттен оқып, әр кеште есеп береді. Жазбаны оқыған менің көзім жайнап кетті. Жасырып не керек, "әне оқимын, міне оқимын" деп жүріп, Құранның беті ашылмағанына біраз болған. Арамызда Рамазаннан бері Құранды қолына алмағандар қаншама. Соның бәрін сараптай келе, "осындай топты қыздар арасынан неге өзім құрмасқа?" деген ой жылт етті. Тәжуид білетін бірер құрбыма айтып едім, олар да қолдай кетті. Қолдамағанда ше?! Олар өзімізге дейін өмір сүрген ең ізгі адамдар - сахабалардың Құранды өте көп оқығанын біледі. Құран оқудың ең абзал ғибадаттардың бірі екенін біледі. Есеп-қисап күні Алланың алдында Құраннан артық шапағатшы болмайтынын біледі. Біле тұра, мұндай ізгі істен қалай бас тартсын?!)))

Сонымен не керек, уатсаппен Құран хатым етуді біз, яғни қыздар тобы да бастап кеттік. 15 қыз жиналды. Арамызда тәжуидті енді үйренгендердің барын ескеріп, Құранды толық аяқтауға екі ай уақыт бекіттік. Күніне 10 бет бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ тұрақты істелуі тиіс болғаннан кейін нәпсіге өте ауыр тиетінін байқадық. Кешке сол күні оқылған Құранның есебін береміз. Жамағатта береке бары рас екен. Қыздар бір-бірінен қалып кетпеуге тырысып, жарыса оқысты. Жалғыз оқыса жалқаулық жеңіп, соңында Құранды тастап қоюы мүмкін еді. Ал бұл жағдайда намысты қолдан бермей жатты. Сонымен қатар, уатсаптағы тобымызда Құранға махаббатымызды арттыратын видео, аудиолармен қатар Құран туралы хадистер, ғұламалардың сөздерін бөлісіп тұрдық. Кітаптан Кандехлевидің "Құран құндылықтары" мен Ғазалидың "Ихиясынан" Құранға арналған бөлімді басшылыққа алдық. Ал видеодан Фахд әл-Кандаридің Құранды жаттауға ынталандыратын 30 сериядан тұратын бағдарламысының күніне біреуін көріп тұруға бекіндік. Ой, бұл деген керемет бағдарлама екен. Құран жаттай алмаймын-ау деген адамның өзін жаттауға ынталандыратын, қасиетті кітапқа деген махаббатыңды арттыратын ғажап бағдарлама. Осы бағдарламаның әсерімен тобымыздағы бірнеше қыз Құранды толық жаттауды да бастап кетті. Айтпақшы, уатсаптағы тобымызды біз де жігіттердікіндей "Мусафирууна маъаль-Құран» («Құранмен саяхаттаушылар»)" деп атадық. Тақырыбы айтып тұрғандай, бұл бір ғажап саяхат болды. Қыздарымыз күні кеше ғана хатымды аяқтады. Көпшілігінің алғашқы хатымы. Қуаныштарында шек жоқ. Осы аралықта Құранды екі рет хатым еткен құрбымыз да болды. Алла мол сауаптан жазсын! Ал бір құрбымыздың хатымы әкесінің туған күніне дәл келіпті. Ол алғашқы хатымын әкесіне сыйлық етпек ниетімен бөлісті. "Бұл сыйлыққа әкемнің қуанышында шек болмасы анық" дейді жүзі бал-бұл жанып. Мен де осындай бағалы сыйлықты бұрын-соңды естімеген едім. Қысқасы, не керек, Құранмен саяхатқа шыққан екі ай бізді көп өзгертті. Құран үнсіз тәрбиеледі, жақсылыққа жетеледі. Құран оқыған әр қыздың өмірінде ғажап мұғжизалар орын алып жатты. Өйткені, кімде-кім Құран оқумен дұға жасауға уақыт таппаса, Алла оған тілегенін артығымен береді екен. Бұл сөздің растығына өзім куәмін. Осы аралықта менің өмірімді де тамаша бір арнаға бұрған оқиға орын алды. 

Даниярдың жазуынша, Құранда 320000-нан астам әріп бар екен. Әр әріпке бір сауап және ол 10-ға еселенетінін ескерсек, Құранды хатым етіп бітірген әрбіріміздің сауап қоржынымыз 3 млн 200 мың жақсылыққа толықты деген үміт бар. Ал қиналып оқығандырымыз соның екі есесіне, яғни 6 млн 400 мың хасанатқа қол жеткізген шығар. Керемет деп осыны айт! Құранды екі ай бойы серік еткен 15 қыздың үйі нұрға бөленген болар, оларға періштелер дұға етіп, шайтандар қашқан болар...  

Хасан әл-Басридің "Құраннан артық байлық жоқ, оны жоғалтудан артық кедейлік жоқ" деген сөзі бар екен. Міне, біз теңдессіз байлықты осылай таптық. Ертең, Алла қаласа, топтағы барлығымыз бас қосып, Құранның хатым дұғасын жасаймыз. Сосын 10 қаңтардан саяхатымыздың екінші бөлігін бастап кетпекпіз. Оған енді күніге 10 беттен тәпсір қосамыз. Осы қарқынмен кете берсек, Рамазанға дейін Құранды үш рет хатым жасасақ деген ниет те қылаң береді. Солай қасиетті Құран айына сақадай-сай болмақшымыз, Алла қаласа. "Адамның Алланы, Оның Елшісін (с.а.с.) қаншалықты жақсы көретіні Құранға деген құрметінен білінеді" дейді сахаба Абдуллаһ ибн Масғұд. Ендеше, махаббаттарыңыздың белгісі болсын, бізбен саяхатқа шығыңыздар! :) 

тілек, Құран, дұға, хатым
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 6839
8 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167