Мейірімді БОМЖ
Мейірімді БОМЖ

«Жексенбі күні қала сыртындағы саяжайға бармақшы болып ерте тұрдым да, бірге ала кетпек ниетпен алысырақ ауданда тұратын мамамды алып келдім. Жолда көлігімнің әйнек жуатын суы таусылып қалып, тоқтап, әйнектерімді дұрыстап сүртіп алуыма тура келді. Үйге келген соң ұйықтап жатқан күйеуім мен балаларымды оятып, жолға жинала бастадық. Бәрі дайын болып, енді шыға береміз дегенде, әмиянымның жоқ екенін байқадым. Ішінде өзімнің де, көліктің де құжаттары бар болатын. Күйеуімнің жүргізуші куәлігі де сонда еді. Ішім мұздап қоя берді. Бәрін жоғалттым! Қайда жоғалтып алуым мүмкін екенін еске ала отырып, әйнек сүртуге шыққанда, жол бойында түсіріп алуым мүмкін екенін ұқтым. Құжатымның жоқтығына қарамастан, көлікке ырғып мініп, түсіріп алуым мүмкін-ау деген жерге қарай құстай ұштым. Амал қанша, әмиян табылмады. Салым суға кетіп, үйге келдім. Үйге кіре бергенімде есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Сіздерге өтірік, маған шын... қарсы алдымда бейтаныс адам тұр еді. Бір қарағанда құдды БОМЖ дерсің, жұпынылау киінген, жүзі – жүдеу. Бірақ көздері... көздері мейірім шашып тұр екен. Ол амандасып, өзін таныстырып: «Іздемеген жеріңіз қалмаған шығар...» – деді де, маған қарай қолын созды. Қолында менің әмияным тұр еді. Мұндай жағдайды күтпеген мен, тілімді жұтып қойғандай үн-түнсіз тұрып қалдым. Бір кезде есімді жиып, мәз болып, алғыс айта беріппін. Сөйтсем ол бәсең дауыспен: «Бәрі орнында ма екен? Тексеріп көріңізші», – деген өтініш айтты. Жанталасып әмиянымды ақтарып жатырмын. Бәрі қаз-қалпында! Тіпті ақша шақырады деп ұстап жүрген долларларым да орнында!

Күйеуім ақша ұсынып еді, «жай ғана көмектескім келген еді» деп ұзақ уақыт алмай, қарсыласып бақты. Түсінесіздер ме?! Тұрғылықты жері жоқ адам... Көшеден әмиян тауып алып, электричкаға отырып, одан метроға мініп келіп, бір сағаттай үйімді іздеген. Сонша әуре болғандағы ниеті – жоғалтқан жанға жай ғана көмектескісі келгені, оны қуантқысы келгені! Қарапайым, ештеңесі жоқ адамның бұл адамгершілігіне қалай таңданбассың, қалай разы болмассың! Өмірде осындай жағдайлар болатынын біреу айтса, сенбес едім. Өз басыңнан өткенде басқаша әсерде болады екенсің.  

Қанша қарсы болса да, тамақтандырдық, қолына ақша ұстаттық, баратын жеріне жетіп алуы үшін таксиге отырғыздық. Кетіп бара жатқан оның, көзіне келіп қалған жасты қолымен сүрткенін байқап қалдым. Мейірімін жұртқа таратып, өзі мейірімге ессіз мұқтаж боп жүрген ол, осынша құрметтің өзіне ғана арналып жатқанына сенбеген секілді... Бірақ сол БОМЖ-дың адамгершілігі, мейіріміне жауап ретінде біздің жасаған құрметіміз тым аз болатын...»

Мәскеулік Ирина Демидованың басынан өткен осы бір хикаяны оқып, сіздерге аударып ұсынуды жөн көрдім. Айналамызда мейірімді адамдар әрине, көп! Бірақ Жаратушымыздың мейірімі бәрінен жоғары ғой!

адамгершілік, такси, ақша, құрмет, көлік, мейірім, бомж, әмиян, жоғалған
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
10 жыл бұрын 6058
4 пікір
  • Иә, мүмкін сол жасаған амалы оның жәннатқа кіруіне себеп болар
    10 жыл бұрын
  • Қазір тіпті жақсылық жасаған адамдарға қуанатын жағдайға жеттік қой. Қайта бір-бірімізге жақсылық жасауға ұмтылып, осы жағдайлар бізге үйреншікті болу керек қой. Әттең...
    Анам айтып отырады, "Кең болсаң, кем болмайсың"- деп, немесе "Аққа Құдай да жақ"- деп.
    Қарапайым да, мейірімді адамдар көп болсын.
    10 жыл бұрын
  • "Көп адамды көрдім үстінде киімі жоқ. Небір киімді көрдім ішінде адамы жоқ" Мəулана
    10 жыл бұрын
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167