Жоғалған ноутбук – 2
Жоғалған ноутбук – 2

Бұл менің Астанада тұратын жақын журналист құрбымның басынан өткен, өмірде болған оқиға. Қателеспесем, былтыр болуы керек. Ол мені таңғалдырған осы бір оқиғаны былай әңгімелеп берді: «Түсте бір жұмыстармен қалаға шыққанмын. Көлігімнің артқы орындығында сөмкеде ноутбук, айпад, кәсіби фотоаппаратым жатқан. Жұмысыма қажет болғаннан кейін оларды үнемі өзіммен алып жүретінмін. Бір зат алуым керек болды да, жақын маңдағы дүкендердің біріне тоқтадым. Дүкен маңында жүрген жігіттерді байқасам да, мән бермей, көлігімді пультпен жауып, ішке кіріп кеттім. Көп дегенде 10 минуттан соң қайта шықтым. Бір жігіт мені көрді де, жай жүріп бара жатқан жерінен, жүгіре жөнелді. Алғашында түсінбей, қарап тұрып қалыппын. Бір кезде қолындағы сөмкені тани кеттім. Менің ноутбук, фотоаппарат, айпад салынған рюкзагым! Сасқанымнан «Көмектесіңдер!» деп айқайлаған күйі артынан жүгіре жөнеліппін. Тіпті көліктері ағылып жатқан көшенің арғы бетіне қалай өте шыққанымды білмеймін. Сигнал беріп, ию-қию боп жатқан машиналардың дауысынан есімді жидым. Сондайға әбден машықтанған ұры жеткізсін бе, үйлердің арасына кіріп, көзден ғайып болды. Әжептәуір ақшаға келсе де фотоаппарат пен айпадқа емес, ноутбукке ішім удай ашыды. Онда талай жылғы жұмысым, жазбаларым, сонау мектеп кезінен түсірілген фотоларымның мұрағаты сақталған еді. Тапа-тал түсте ұрыға жем болып, маңайымдағы топырлаған адамның бірінің қол ұшын созбағанына, өзімнің соншалық дәрменсіздігіме күйініп, жылап жібердім. Көлігіме қайтып келіп, «мүмкін тауып қалармын» деген оймен, үй-үйлердің арасымен жүре бастадым. Табу қайда?! Менікі «суға кеткен тал қармайдының» кебі ғой. Ұрының қарасы да көрінбейді. Көлігімді тоқтатып, өз-өзіме келе бастасам да, көзімнің жасы тыйылар емес. Айлығымнан тірнектеп жинап алған заттарым еді әрі қаншама жылдық еңбегім. «Дүние ғой» деп өзімді қанша жұбатсам да, оңай болмайды екен. Сөйтіп отырғанда қатарыма қымбат көлік келіп тоқтап, ішінен бір аға түсті де, жаныма келді. “Қызым, бәрі дұрыс па? Бағана сенің жолдан жүгіріп өткеніңді көріп, бірдеңе болғанын түсіндім. Бара жатқан бағытымнан қайта бұрылып келіп, не болғанын өзіңнен сұрайын деп, артыңнан жүріп келе жатқаныма біраз болды”, - деді. Жұбату іздеп отырған мен өксігімді баса алмай болған оқиғаны әңгімелеп бердім. Бейтаныс аға: “Қызым, жылама! Жүр, жақын маңдағы дүкенге барайық. Жоғалтқан заттарыңды алып берейін” – деді. Басында ештеңені ұқпай, таңданып қарап қалыппын. Әрине, көңіліме «бұл кісіге не қажет болды екен?» деген күдік те кірді. Сосын ол кісіге ноутбугым үшін емес, ішінде кеткен талай жылғы еңбегім үшін жылап отырғанымды түсіндіріп, «біреуге қарыз болғым келмейді» деп ұсынысынан бас тарттым. Бейтаныс аға да: «Жоқ, сен маған қарыз болмайсың. Жай ғана көмектескім келеді. Жүре ғой, алып берейін», - деп беріле қоймады. Қазіргі заманда қайтарымсыз дүние жоқ екенін жақсы білетін мен ашулана бастадым. Менің сенімсіздік танытып тұрғанымды түсінген ол төс қалтасына қолын салып, конверт алып шықты да, жаныма қойды. Сосын: «Бұл – қарыз емес, сыйлық. Өзің сатып ала ғой. Қарыздар сезінем десең, есімімді де білмей-ақ қой», - деді де, көлігіне отырып кетіп қалды. Есеңгіреп тұрып қалдым. Өзімді қолға алып, конвертті ашып қарасам, ішінде 2 мың доллар ақша жатыр екен”. Осы жерде құрбыма: “Мүмкін ол қиналған адамға көмек қолын созып, Алладан сауап алғысы келген намазхан адам шығар” - деп едім, құрбым: “Мүмкін. Намаз оқитын да, оқымайтын да болуы мүмкін. Бірақ ол кісі осы әрекетімен менің өміріме өзгеріс енгізгенін біле ме екен?! Менде дүниеде мейірімді адамдардың көптігіне деген сенім пайда болды. Өзім де мүлде танымайтын жандарға көмек көрсетуге ұмтылып тұратын болдым. Рас, мен ол бейтаныс ағаның кім екенін әлі күнге дейін білмеймін, тіпті есімі де белгісіз. Бірақ дұғамнан тастаған емеспін...” – деп құрбым әңгімесін аяқтады.

Бұл оқиға менің де жүрегімді тербеп кетті. Рас, айналамызда мейірімді адамдар көп. Тек біз оларды байқамай, көрмей жүрген болармыз…

Бірақ айналамызды мейірімге толтырып қойған Раббымыздың мейірімі бәрінен жоғары екенін ұмытпалық!         

көмек, ұрлық, мейірім, ноутбук, бейтаныс, қайырым
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
10 жыл бұрын 6628
15 пікір
  • Марфуға ханымның "наутбугын" жабылып іздеп тауып берейікші халайық.)). Қалжын. Керемет жазба, рахмет.
    10 жыл бұрын
  • Оқыған, сосын әзілге қосқан сізге де рахмет! :)
    10 жыл бұрын
  • Керағарлық заңдылық. Ақ пен қара, нұр мен зұлұмат, адал мен арам, жақсы мен жаман, сауап пен күнə қашанда қатар жүрген. Ендеше, бұлардың нəтижесі Жұмақ пен тозақ та қатар жүруге тиіс ана дүниеде.
    Бір деммен оқып шықтым. Қатпар-қатпар ойдың жетегінде отырмын. Рахмет Марфуға!
    10 жыл бұрын
  • Осы оқиғаны тыңдағаннан кейінгі менің қуанышымды көрсеңіз, Қайрат аға. Өмірде еш себепсіз жақсылық жасағысы келіп тұратын адамдардың көптігіне қатты қуанған едім сол жолы. :)
    10 жыл бұрын
  • Керемет оқиға екен! Әлгі кісі де атымтай жомарттың өзі екен!
    10 жыл бұрын
    • Дұрыс айтасыз, Нұрқанат. Бір адамдар сәл жақсылық жасаса, жария еткісі келіп тұрады. Ал жаңағы кісі өзі жақсылық жасаған адамның есімін де білмейді ғой!
      10 жыл бұрын
  • Біз жақсылыққа сенсек қана жақсылық болады ғой, айналамызды өзіміз өзгертеміз. Ең бастысы Раббымыз көріп тұр ғой. Марфуға сіңлім осындай ғибратты әңгімелерің көбейе берсін.
    10 жыл бұрын
  • Karly
    Расында да қызық оқиға екен. Барлық нәрсе АЛЛАның қалауымен болады ғой. Кейде осындай жұмбақ нәрселердің сырын "кейін" білеміз бе екен деп ойлап қалам ). АЛЛА ол екі кісіні де (ұрлаған және жақсылық жасаған) тура жолға салып, өзінің сүйікті құлдарынан қылсын.
    10 жыл бұрын
  • Айналамызда атымтай жомарт адамдардың бар екеніне көзім тағы бір мәрте жетті. Алла разы болсын сізге Марфуға!!! Адамдарға күтпеген жерден қол үшін беріп, қуаныш силау әрбіріміздің міндетіміз деп білемін. бәрімізге Алла Тағалам разы болатын ізгі амалдар жасауымызды нәсіп қылсын инш Алла!
    10 жыл бұрын
  • Мұндай қайырымды жандарға бүгінде қатты таңғалатын болдық, рас. Бұл маңайымыздан ондай жандардың сиреп кеткендігін білдіреді-ау.
    10 жыл бұрын
    • Иәәә((( Ал бұрындары аманатқа қиянат жасайтын адамды кездестіріп қалу деген сұмдық нәрсе болушы еді ғой...
      10 жыл бұрын
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167