ЖАЙНАМАЗ ТУРАЛЫ ЖЫР
ЖАЙНАМАЗ ТУРАЛЫ ЖЫР

 

Жастайынан Хақ жолына беттеген.
Құрбым болған намаз қаза етпеген.
Жайнамаз бен орамалды бiр күнi, 
Хадия ғып әкеп бердi Меккеден.

"Жарамайды бес парызды ұмытқан"
Ақыл айтты Алла жолын ұлықтап.
Қол жетпейтiн зат екенін бiлдiм де,
Сандығыма сақтап қойдым құлыптап.

Сақтап қойдым болмаған соң бiлiмiм. 
Ата-анамның жалғыз өскен гүлiмiн.
Ол кезде мен мектеп енді бітірген, 
Бiлiм қуған бойжеткеннің бiрiмiн.

Жалғап жүріп ауыл, кала арасын. 
Ұмытпадым сол сыйлықтың бағасын. 
Анам айтты: "Орамалды келешек, 
Келiн болған кезде күнім тағасың"

Жайнамаз ше? Ауды менің аңсарым, 
Құрметтер ем қайта келсе сол шағым.
Ауылдағы мешiттегi атамның,
Азан даусы алаңдатты қанша күн.

Атам айтқан әр ақылды түйгенмiн.
Ақыл айтса керемет бiр күйге ендім.
Ал қалада кең пейілді құрбымнан, 
Кең етекті көйлек киiп үйрендім.

Бiр жұмада ертіп барды ол мешiтке,
"Жұма келсе уақытынан кешікпе"
деп жүргенде құрбым ана атанып,
Нәрестесiн бөлеп жатты бесікке.

Бар білгенін, бар iлiмiн ұсынды. 
Мен байқадым ең әлсіздеу тұсымды.
Жайнамазға жайғасқым кеп жүргенін, 
Құрбым байқап, жанарымнан түсінді.

Күштеп емес, қажеті жоқ күштің де, 
Маған намаз үйретті ол үш күнде.
"Жолың болсын" деп кетті де, жан құрбым,
Жан тапсырды жол апаты үстінде.

Содан берi мен "екеуін" сатпадым.
Жайнамазым, тек орамал таққаным.
"Намазыңды сақта" деген ең соңғы,
Пайғамбардың өсиетін сақтадым.

Жыламайын жаман ырым бастамай.
Кеудемдi бiр ауыр мұңның басқаны-ай.
Құрбым берген орамалды құрметтеп, 
Тағып келем содан берi тастамай.

Бұрын бiлмей құлшылыққа кешіктім.
Кешір Алла, шын бақытты кеш ұқтым.
Сол құрбымды жиi есiме аламын,
Көрген сайын мұнарасын мешіттің.

Жыламадым, келсе дағы жылағым, 
Бұл қара жер менің де емес тұрағым.
Бес күніне қол бұлғаған құрбыма, 
Бес уақытта дұға етіп тұрамын.

Құлшылық қой адамға ең керегі,
Менi талай қиындықта демедi.
"Сен намазға қалай келдің?" дегенге, 
Осы өлеңді оқып бергiм келеді...

Авторы: Салтанат Қожа

намаз, орамал, ислам, жайнамаз
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 жыл бұрын 9164
2 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167