БҰЛ - БІР ҒАЖАП ОҚИҒА...
БҰЛ - БІР ҒАЖАП ОҚИҒА...

Саид қажылықтан кейін Жидда әуежайының күту залында отырған болатын. Оған қарама-қарсы тағы бір қажы орын тепкен. Ол Саидке: «Алла Тағала маған бұл жылы да қажылық бақытын сыйлады, бұл – менің оныншы қажылығым», – деді. Саид оны қажылығымен құттықтап «Алла қажылығыңызды қабыл етсін!» деген тілек айтты. Бейтаныс қажы да Саидтен бұрын қажылыққа келген, келмегенін сұрады. Сонда Саид: «Бауырым, менің қажылық оқиғам өте ұзақ. Оны айтып, сіздің басыңызды ауыртқым келмейді», – деп жауап берді. Күліп жіберген қажы: «Құдай үшін, айтып берші. Бізде бәрібір ұшақтың ұшуын күткеннен басқа істейтін жұмыс жоқ қой», – деді өтінішпен. Саид те жымиып әңгімесін бастап кетті: «Менің қажылық оқиғам да күтуден басталған. Қажылықты ұзақ күттім. Қажылыққа жететін қаржыны жекеменшік ауруханада бақандай 30 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана жинай алдым. Бір күні маған бізде емделетін сал ауруымен ауыратын баланың анасы келіп: «Саид балам, Алланың амандығында бол! Бұл біздің соңғы келуіміз», – деді қайғылы жүзбен. Оның сөзіне таңғалғаныммен, менің жұмысыма көңілі толмай, өзге ауруханаға кететін болар деп ойладым. Сөйткенімше болған жоқ, ойымды оқып қойғандай ол: «Саид, Алла куә ғой, сен балама әкесінен де жұмсақ қарадың. Үмітіміз үзіле бастағанда сенің емің көмек болды, баламыздың беті бері қарады». Соны айтып, әйел кетіп қалды. Бірақ жүзі өте қайғылы еді». Бағанадан үндемей тыңдап отырған қажы: «Қызық әйел екен өзі» деп сөзін бөлді. Саид: «Мен де басында солай ойладым. Сосын аурухананың науқастармен қызмет бөліміне барып, жағдайды білсем, науқастың әкесі жұмыстан шығып қалып, енді емді төлей алмайды екен. Көңілім түсіп, аурухана директорына барып, науқасты аурухана есебінен емдесек деген өтінішімді айттым. Ол: «Бұл қайырымдылық қоры емес, жекеменшік мекеме!» - деп бетімді қайтарып тастады. Директордың кабинетінен қайғырып шықтым. Ойымнан жаңағы әйел шықпай қойды. Бір сәтке мең-зең боп тұрып қалдым да, басымды көтеріп, көзімді көкке қадап: «Аллаһым! Менің жүрегімдегіні Өзің жақсы білесің ғой. Мен үшін Сенің үйіңе қажылыққа барудан, Пайғамбар мешітін көруден артық сүйікті нәрсе жоқ. Мен оған ұзақ жылдар бойы дайындалдым. Бірақ сол бақыттан мына байғұс әйел мен оның баласының бақытын артық көріп тұрмын. Мені Өзіңнің игілігіңнен ажыратпа!» деп дұға еттім де, ұзақ жылдар жинаған қаржымды баланың емінің 6 айына төледім. Сосын әйелге хабарласып, мұндай жағдайға арналған аурухананың бюджеті барын айттым».

Осы сәтте ерекше әсерленіп кеткен қажы:  

– Саған Алланың берекеті болсын! Егер бүкіл ақшаңды қайырымдылыққа жұмсап жіберген болсаң, қажылыққа қалай келдің?» – деп сұрады. Саид:

– Мен үйге мұңайып оралғанмен, қайғырған ана мен ауру балаға көмектесе алғаным үшін жүрегім қуанышқа толы еді. Сол түні ұйықтап, түс көрдім. Түсімде Қағбаны айналып, қажылық жасап жүр екенмін. Маңайымдағы адамдар маған сәлем беріп: «Саид! Алла Тағала қажылығыңды қабыл етсін!» - деп тілеп жатыр екен. Мен солай Жердегі қажылықтан бұрын, көкте қажылық жасадым. Ұйқымнан қатты қуанып ояндым, Оның осы кеңшілігіне мадақ айттым. Сол сәтте телефон шырылдап қоя берді. Аурухананың директоры екен. Маған: «Сіздің көмегіңіз керек. Бас дәрігер биыл қажылыққа жиналып жатыр. Бірақ ол арнайы жеке дәрігерінсіз бармайды. Ал бірге баруы тиіс дәрігер әйелінің айы-күні жетіп отырғаны себепті бас бартыпты. Өтінішімді жерге тастамай, бас дәрігермен барып келесіз деп ойлаймын», – деді. Көзімнен жас ыршып түсті. Аллаға мадақ айтып, шүкір сәждесін жасадым! Көріп отырғаныңыздай бауырым, Алла Тағала мені еш шығынсыз қажылыққа алып келді. Бас дәрігер оған көрсеткен қызметім үшін барлық шығындарды өзі көтерді. Оған әйел мен оның ауру баласы туралы айтып беріп едім, ол науқасты өз есебінен емдеуге бұйырып, менің ақшамды қайтартты. Сонымен қатар ауруханада жағдайы жоқ науқастарды емдеуге арналған қаржы жиналатын жәшік пайда болды. Жаңағы жұмысын жоғалтқан әйелдің күйеуін өзінің көп фирмаларының біріне жұмысқа алды. Алланың мейірімінен артық мейірім бар ма екен?!

Бұл оқиғаға қатты тебіренген қажы орнынан тұрып, Саидтың бетінен сүйді де:

– Алламен ант етемін, өмірімде қазір ұялғандай ұялып көрмеппін. Мен әр қажылығымды өтеген сайын керемет бірдеңе жасағандай, Алланың алдында дәрежем өсіп жатқандай сезінуші едім. Бірақ қазір сенің қажылығың менің 100 қажылығыма тең келетінін түсініп отырмын. Өйткені мен Алланың үйіне сапарға өзім шықтым, ал сені Үйіне Алла Өзі шақырды, – деді де: – Алла біздің әр ізгі амалымызды қабыл етсін! Бұл Алламен жасалған ең керемет сауда, – деп қайталай берді...

науқас, қажылық, қаржы, аурухана, Қонақ, Алланың үйі, ғажайып
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 9194
11 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167