ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ
ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ

Өзім ата-әженің қызы болғаннан кейін, әкем ағам секілді, тіпті ең сырлас досым сияқты болды. Біз екеуміз кез келген тақырыпта әңгімелесетінбіз. Оқыған кітаптарымызды бірге талқылайтынбыз. Менің өмірлік көзқарастарымды қалыптастырған әкем десем, артық айтқандық емес. Маған әкемді қуантқан ұнайтын. Кішірек кезім болатын. Бірде әкем разы болсын, маған рахмет айтсын деп, сол күні біраз шаруа тындырып тастадым. Бірақ маған мән берер әкем көрінбейді. Көзінің астымен бір қарайды да, оқып отырған кітабын ары қарай жалғастыра береді. Ақыры шыдамадым. Папамнан алғысты өзім сұрап, бұртиып қалдым. Менің осылай істерімді білгендей ол да: "Жаныма келші, саған бір әңгіме айтып берейін" деді. Арада қаншама жылдар өтсе де сол әңгіме жадымнан күні кешегідей өшпепті. Әкем әңгімесін былай бастаған еді: " Бір ауылда даналығымен танымал қария тұрыпты. Оған ақыл-кеңес сұрау үшін көрші ауылдардан да адамдар келеді екен. Осындай көрші ауылдың бірінен бір шал Қарияға барып: "Бай болмасақ та, сізге ең күшті тамақтардан жасап қонақ күткім келіп отыр", - деп асқа шақырады. Қария қуана келіседі да қонаққа жиналады. Шалдың үйінде расында да дастархан неше түрлі астармен толып-тасып тұрады. Тамақты жеп алып, Қария дастарханнан тұрып кете бермекші болғанда, шал таң қалып: "Қария, мен сізге ас даярлап, қонақ күттім.. маған айтар еш алғысыңыз жоқ па сонда? Қария: "Сіз тамақ ішіп кет деп шақырдыңыз ғой, сізге алғыс айту үшін емес", деп үйден шығып кетеді. Мұндай жауапты күтпеген шал Қариядан өш алуды көздейді. Оған қайткен күнде де алғыс айтқызу керек қой.. Осылай ойлап тұрған күндердің бірінде, оның үйіне Қария жүгіріп келіп: "Далада қатты жаңбыр жауып тұр! Маған қолшатырыңды бере тұршы"- дейді. Шал сәті түскен мүмкіндікке қуанып сыпайы түрде Қарияға керегін береді. Осы жолы міндетті түрде алғысын аламын деп ойлайды. Бірақ Қария қолшатырды өзі әкелмей, шәкірттерінің біреуінен беріп жіберіпті. Шәкірті да ұстазы тәрізді шалға еш алғыс айтпай қолшатырды ұстатып кете беріпті. Бірнеше күннен соң, шал мен Қария ортақ таныстардың үйінде кездеседі. Шал бәрін шешетін уақыт келді-ау деп жайлап әңгіме бастайды: "Өткен күні қатты жаңбыр жауып ауырып қалған жоқсыз ба?" Қария: Жоқ, ауырмадым. Қолшатырыңызды шәкіртімнен беріп жіберген болатынмын. Алған боларсыз?" - дейді. Шал: "Иә, әрине. Ұмытпай жібергеніңізге рахмет", - деп, қарияның орнына өзі қалай алғыс айтып қойғанын байқамай қалады. Қария шалға қарап күлімдеп отыр екен. Одан әрі шыдамай шал орнынан ұшып тұрып: "Қария, сізді де дана дейді-ау елдер! Түк тәрбие көрмепсіз! Жасаған осыншама жақсылығыма кем дегенде бір рахметіңізді айтсаңыз неңіз кетеді!" - дейді ашуға булығып. Сонда Қария: Мен сізге алғысымды ұдайы ішімнен айтып, жақсылығыңызды ұмытқан емеспін. Егер де адам жасаған жақсылығы үшін алғыс дәмететін болса, жасағаны шынайы жақсылық болмайды. Сіз жақсылықтың ақысына елдің ризашылығын не болмаса алғысын алам деп дәметпеуіңіз керек. Жақсылық жасағаныңыздан алатын қуаныш жеткілікті болуы керек. Жақсылықтың негізі - осы. Егер де ақысын күтетін болсаңыз, ешкімді емес өз-өзіңізді алдаған боласыз. Адамдардың болмысы мақтаншақтыққа, менменшілдікке жақын. Жақсылықты жеке өзіңіздің мақсатыңыз үшін жасасаңыз, қателескеніңіз. Егер адамдарға алғыс дәметпей жақсылық жасайтын болсаңыз, ешқашан ешкімнен көңіліңіз қалмайды", - деп жауап беріпті".

Пы.сы. Бүгінде мақтаншақтығым оянып, біреуден алғыс дәмете қалсам, әкемнің осы әңгімесі ойыма оралады да тұрады...

тәрбие, әке, алғыс, мақтаншақ, рахмет
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 13419
4 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167