ӘЖЕМ МЕНІ ҚАЛАЙ ҰЯЛТТЫ?
ӘЖЕМ МЕНІ ҚАЛАЙ ҰЯЛТТЫ?

Бірде менің ерсі қылығымды байқаған әжем мынандай әңгіме бастады: «Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатынындай, үйлердің де әдеп-тәртібі  болады». Бұл сөзге мырс етіп күліп: «Әжетайым, үйлердің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып берсеңізші онда!» – дедім. Әжем сөзін бастап кетті: «Біз кешкентай кезімізде аналарымыздан бұрын әкелеріміздің қасында әдепті болуды үйренетін едік. Үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік және үлкендер сөйлеп жатқан кезде бізге сөз кезегі берілмейінше сөздеріне араласпайтын едік. Үлкендер үйге кірген кезде дереу орнымыздан тұрып, оларға орын беретін едік. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «Бисмилләмен» бастап «Қане, тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастайтын едік. Астан кейін дастархан дұғасын кезектесіп оқитын едік. Ешбір тамақ, отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Бүкіл осы нәрселер дастарханның әдебі болып саналады, балам!» - деді. Таңғалған мен: «Әже, осыншама қысымнан стреске түспейтін бе едіңіздер?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, бұл қысым емес, бұл бір-бірімізге деген сый-құрмет болғандықтан өзара сүйіспеншілігіміз мәңгі болатын. Бір-бірімізге деген махаббат болғандықтан бұдан ешкім стреске түспейді.

Тағамдар дәмді, ұйқылар тынық болатын. Сенесің бе? Мен алғаш рет «стресс» сөзін осы жерде естідім. Біздің ауылымызда ақыл-есінен айрылған бір кісі бар еді. Барлығы оны жынды дейтін. Тіпті ол да өміріне бақытты еді. Оның өміріне ризалығы соншалық, айтып түсіндіре алмаймын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын. Қарны ашқан кезде кез-келген бір үйдің есігін қағып: «Менің қарным ашты, жейтін нәрсе беріңдерші!» – дейтін. Қай үйге кірсе де қолы бос шықпайтын. Шашы өсіп кеткенде бір шаштараз шашын алып, моншашы жуындырып қоятын. Жұма күндері қолынан ұстап, намазға да ертіп апаратын. Яғни ешкім оны шеттемейтін. Қазір болса ешнәрсеге құрмет көрсетілмейді. Қараңдар бұл қалада тіпті үйлерге де құрмет көрсетілмейді! Кеш батқан кезде ешкім үйлерінің перделерін жаппайды, үйлерінің іші көрініп тұрғанынан ешкім ұялмайды. Ал біз қараңғы түспей тұрып-ақ қалың перделерімізбен жауып, содан соң үйдің жарығын қосатын едік. Киім ауыстырар кезде тіпті перделер жабық болса да ұялғандығымыздан жарықты сөндіріп, жерге отырып ауыстырар едік. Сырттан қарағанда көлеңкеміздің көрінетінін ойласақ жүзімізден от шығардай қызарып кетер едік. «Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болады», – деп айтатын аталарымыз. Үйлер биік-биік дуалдармен қоршалған болса да жуылған іш киімдерін аулаға іліп қоюға үйіндегі адамдардан ұялатынбыз. Ешкім ауланың ортасына іш киімдерін жайып қоймайтын. Бір күні әлі жас кезімде іш киімімді ең бірінші жіпке іліп қойыппын. Кейін анам келіп: «Әй, қызым, бүгін әкең аулаға шығып сенің жайылып тұрған іш киіміңді көрген кезде ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бұдан былай іш киімдеріңді бірінші жіпке ілме, ең соңындағы жіпке іліп, үстінен жұқа матамен жауып қой, астындағы киімің көрінбесін! Әдебімізден, ар-намысымыздан айрылсақ, иманымыздан да айрыламыз!» – деген еді.

Мен ол кезде 12 жасар едім. Анамнан бұл сөздерді естіген кезімде ұялғанымнан өзімді қоярға жер таппадым. Қазір ондай әдеп қалмаған сыңайлы. Кеше таза ауамен тыныстайын деп балконға шықсам, қарсыдағы көрші іш киімдерін балконына жайып қойыпты. Мен мұны көріп, ұялғанымнан үйге кіріп кеттім. Қазіргі күнде көбісі көшеде тамақтанады. «Көз ақысы» деген нәрсе бар. Адамдар базардан алған заттарын іші көрініп тұратын пакеттерге салып, үйіне алып келеді. Бұл заттарды алуға жағдайы келмейтін адамдар бар, көз ақысы өтеді, қызғаншақтық, көре алмаушылық пайда болады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамдарда шипа болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жасаған тағамдарыңның иісімен көршілеріңді мазаламаңдар» деген. Қазіргі таңда тағамдардың иістерін мүңкітіп, оларды баршаға көрсету арқылы айналадағы адамдардың мазасын алады. Әрине әлгі желінген тағамдардан азапталады. Кейін «стресс» деп дәрігерлерге барады. Үйдің тағы бір әдебі бар, ең маңыздысы да осы болса керек. Үйдің ішінде болып жатқан ұрыс-керістер, әртүрлі жағдайлар сыртқа шықпауы тиіс. Бұл да үйдің әдептерінен бірі болып саналады. Сондықтан бұрын келеңсіздіктер үйдің ішінде оңай шешілетін еді. Онсызда сүйікті пайғамбарымыз әсіресе ерлі-зайыптылардың арасында болатын ұрыс-керістерді сыртқа жаюдың үлкен күнә екендігін қаншама рет айтқан.

Ұялсам да, өзім солардың бірі болсам да әжеме: «Әжетайым, қазір фэйсбук, инстаграм деген нәрсе шыққан. Адамдар кафеге кіммен барғандарын, не жегендерін суретке түсіріп, мыңдаған досына көрсетеді!» – дедім. Таңғалған әжем: «Не деген сұмдық. Адам жеген тағамдарын көрсете ме? Қиямет қайым басталды десеңші. Біз күйеуіміздің жанында жүруге ұялатын едік. Қаншама жесір қалған әйелдер, тұрмыс құра алмаған қыздар бар. Олардың көңіл жараларына тұз баспайық, деп ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Қазір ұрыс-керіс те, жақсы көру де адамдардың көз алдында болуда. Әрине құпиялық қалмаған соң, адалдық та қалмайды. Үйдің берекесі - үлкендерге құрмет көрсетуде. Үйдің әдебі – жабылған перделерде. Махаббаттың әдебі – жасырын болуда, көздің әдебі – көздің қабақтарында. Дененің әдебі – оранған, киінген болуында. Ал ұят – иманнан. Ақыл миға, ілім көңілге (жүрекке), ал ұят көзге орналасады. Ұяттың орны - көз. Сондықтан көзімізді қорғау керек, әрі көзге түсетін нәрселерді де бақылауда ұстау керек» -деді.

Әжемнің бұл сөздерін естіп, жерге қарадым. Бетім ұяттан өртеніп бара жатты... 

Жазба интернеттен алынды...

ұят, әдеп, әже, фейзбук, инстаграм
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 12818
7 пікір
  • Өте жақсы жазба екен.
    9 жыл бұрын
    • Иә. Маған да қатты ұнады. Сосын сәл өзгертіп, сіздермен бөлісуді ойладым. Авторын көрсетейін деп ем, тапрадым(
      9 жыл бұрын
  • Өте жақсы жазылған дұрыс айтылған...
    9 жыл бұрын
  • Ия ойландырады екен, бізде осылай өскенбіз, бірақ қалаға келіп ұмыт болды-ау (((
    9 жыл бұрын
  • Қандай бақытты осындай Әжесі бар Жан!!! Қариясы бардың Қазынасы бар!, - деп бекер айтпаған Атам Қазақ! Осындай тәрбие беретін Қарияларымыз азайып барады Бауырлар! Ал сондай тәрбиені тыңдайтын жастар жоқтың қасы...
    Құдіреті шексіз Аллам, баршамызға жоғарыдағы айтылған әдептерге амал етуге нәсіп етсін!!!
    9 жыл бұрын
  • Машалла!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167