Рамазанға жоспар жасадыңыз ба?
Рамазанға жоспар жасадыңыз ба?

Алла бұйыртып, көптен күткен Рамазан айына да келіп жеттік. Аллаға сансыз шүкіршілік! Баяғыда сахабар бір Рамазанды шығарып салып, қалған 11 ай бойы келесі ораза айын күтіп, соның келуіне дайындық жасаған дейді ғой. Расымен бұл ұзақ күткізетін, бірақ қас-қағым сәтте өте шығатын ай. Сондықтан мұны бос, мән-мағынасыз өткізіп алсақ, үлкен өкініш сол болмақ. Немесе аузымызды тамақтан тыйғанымызға мәз болып, «ораза ұстадық» деп шаттансақ, ол да қателік болар еді. Рамазан – жақсы жаққа өзгеруге талпындыратын ай. Сол себепті де ғұламаларымыз көп жағдайда Рамазанға жоспар құрып, кесте сызуға кеңес береді. Сонда көзді ашып жұмғанша өте шығатын Рамазанды бос өткізіп алудан сақ боламыз. Мынау менің бір досымның осы бір қасиетті айға жасаған жоспары. Осыдан үлгі алып, біздер де өзімізге ыңғайлы жоспарымызды жасап, кестемізді сызып алайық! :)     

  1.  Құран хатым ету (Құранды түпнұсқадан оқу, яғни күніне бір парадан. Cонда 30 күнде 30 пара бітеді, иншАлла);
  2.  Ясин сүресін жаттау;
  3.  Құран оқу білмейтін достарыма тәжуид оқып үйрету әрі қысқа сүрелерден жаттату (Кем дегенде үш досыма);
  4. Қаза намаздардың орнын толтыру;
  5. Тарауих намазын 30 күнде де жіберіп алмауға тырысу;
  6. Тәхажуд намазын (түнгі намаз) үзбей оқу, Рамазаннан кейін әдетке айналдыру;
  7. Духа намазын күнделікті оқу, Рамазаннан кейін де әдетке айналдыру;
  8. Күніне аз дегенде 100 салауат айту;
  9. Күніне аз дегенде 100 истиғфар айту;
  10. Күніне көптен хабарласпай кеткен бір туысыма хабарласып, жағдайын сұрау; (Сонда 30 күнде 30 жақынымды қуантуға мүмкіндік алады екенмін, Алла қаласа!)
  11.   Бойымдағы үш үлкен кемшілігімді анықтап алып, қағазға жазып, Рамазан бойы содан арылуға жұмыс істеу;
  12. Өзім сондай болсам деген үш жақсы қасиетті таңдап алып, қағазға жазып, сондай болуға ұмтылу;
  13. Биыл күннің ыстығына қарамай тәуекел етіп, оразаны алғаш ұстаған 5 адамға сыйлық жасау;
  14. Айлық табысымның 10 пайызын садақа ету, Рамазаннан кейін де осы істі жалғастыруға талпыну;
  15. Ауызашар жасау;
  16. Рамазан айы қарсаңында бір діни кітап оқып бітіру;
  17. Рамазан дұғалар қабыл болатын ай болғаны себепті, дұға-тілектерімнің барлығын қағазға жазып алып, күнде шын ниетпен Алладан сұрау.
  18. Әдемі Құран сатып алып, мешітке жамағаттың оқып, пайдалануы үшін қалдырып кету.
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 лет назад 17718
8 комментариев
О блоге
0
790257 262 418 11189 167
Прямой эфир