АТАМНЫҢ ҚҰРАНЫ
АТАМНЫҢ ҚҰРАНЫ

Қысқы демалыс кезінде ауылда, ата-анамның жанында болып, аунап-қунап қайтатын әдетім бар. Биыл да Алла қалап, үйде біраз уақыт болудың сәті түсті. Ауыл деген жақсы ғой. Ғаламтор, әлеуметтік желі дегеннен аз да болса алшақтап, жақындарыңмен шүйіркелесіп, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қаласың. Одан қалса, кітап оқуға мүмкіндік бар. Солай үйде қолым қалт еткенде жыл соңына дейін аяқтауды мақсат етіп қойған Құранды оқып жүрдім. Үйде бөгде ешкім болмағаннан кейін қателерім құлағыма естілсін деп көбіне дауыстап оқимын. Мен отырған бөлменің есігінен әкем бір қарап кетеді, енді бірде анам сығалайды. Өзгеше әдет тауыпты-ау деп ойлаған болар. Сонымен не керек, бір уақытта анам жайнамазға жақсылап оралған төртбұрышты затты әкеліп жаныма қойды. "Бұл не?" деп сұрамадым, бірден таныдым! АТАМНЫҢ ҚҰРАНЫ!!! Қалай ғана келе сала сұрамағам?! Бала күнімде төсегімнен жоғары, бас жағымда керегеде ілулі тұратын. Апам (әжем) жұма күндері парақтарын ашып терезенің алдына қойып қоятын. Үйде ешкім араб әріптерімен таныс емес. Әйтеуір атама, оның Құранына деген құрметі ғой, апам аптасына бір уақыт ашып, парақтап отырады. Кешке қарай керегедегі орнына қайта іледі. Мен мектеп бітіріп, қалаға кеткенде Құран сол орнында қалған. Арасында демалыста келіп-кетіп жүргенде де бас жағымда ілулі тұратын Құранды сұрай қоймаппын. Келе-келе тіпті ұмтыла бастаған. Енді міне, арада пәленбай жыл өткенде анам жақсылап оралған Құранды алдыма әкеліп беріп тұр. Ерекше тебіреніспен Құранның, атамның Құранының орауын жаза бастадым. Жайнамазға, сосын ақ матаға оралған әбден жем-жемі шыққан, ескірген қоңыр қапты Құран алдымнан жарқ етіп шыққанда, көзіме жас келді! Атамның, Шапиян атамның Құраны! Әр бетінде атамның алақанының жылуы қалғандай...

Атам мен алты жасқа келер жылы өмірден өткен. Менің есімімді "Марфуға" деп өзі қойған. Апам сен дүниеге келерден бұрын түсінде аян берген десе, енді бірде Құраннан алғанын да айтады. Қалай болғанда да әдемі, мағыналы ат қойған Шапиян атама қарыздармын. Біздің үйде атамның есімі үлкен құрметпен еске алынады. Апам шалының өмірден өткеніне 20 жыл өтсе де, оның есімін еске алмай бір күнін өткізген емес. Әкем бүкіл еркелігін көтерген атам туралы айтып отырып: "Ондай ақылды қартты осы жасыма дейін кездестірген емеспін" дейді. Ал папамның әпкесі атам туралы айта бастасақ, қазір жылап қоя беруге бар. Өткен жылдың күзінде атамның қайтыс болғанына 20 жыл толып, ас бергенбіз. Сонда сөз сөйлейміз деп халықтың алдында апам бастап, әкем қостап, немерелері біздер жалғастырып, атамды еске алып жылап тұрдық. Папам: "20 жыл бұрын өліп қалған әкесін жоқтап жылады демеңіздер. Атамыз расымен ғажап адам болатын. Бүгін біз оның жақсы қасиеттерін еске алып, соны сағынып жылап тұрмыз" деп сөйлеген еді. Сөйткен атам ғой, ол менің! Енді міне, көрмейсіздер ме, артына мұра етіп Құран қалдырып кетіпті.

 

Өзімнің Құранымды ысырып қойып атамның Құранын парақтауға көштім. Кей аяттардың астын қарындашпен сызып қойыпты. "Мұны неге сызды екен?" деп аяттың мағынасына үңілемін. Енді бір жерлерде өзі арабша бірдеңелер жазып қойыпты. Соларды оқуға біршама талпынып көрдім. Солай әуре боп отырғанымда жаныма әкем келіп жайғасты.

- Атаңның Құранын оқып отырсың ба? Сенікімен бірдей ме екен? - деп сұрады.

- Иә, папа. Бірдей ғой. Құранның ішінің бәрі бірдей. Тек әріптері ұсақ, ірі, әртүрлі болуы мүмкін. Атамдікінің әріптері анығырақ, үлкенірек екен, - дедім.

- Бала күнімде атаң маған Құран оқуды үйретпек болды. Балалығым ғой, онша мән бермедім, ойын қуып кеттім. Сосын "Құл һуа Алланы" үйретіп, осыны үш қайтара айтып "маған Құран бағыштап тұр" деді. Одан арғысын үйренбегеніме өкінемін, - деді әкем. Таңырқап қалдым. Әдетте мені әсіредіншілге балап "Намаз неге керек? Кешірім сұрайтындай ауыр күнә жасап жатырсың ба?" дейтін әкем мүлде өзгерген. 

- Папа, сіздің көзқарасыңыз өзгеріпті ғой?! - дедім қуанышты дауыспен. 

- Абайды, Шәкәрімді оқыдым. Әсіресе анау сенің диссертацияңмен танысқан соң Шәкәрім қатты әсер етті (Диссертациялық жұмысым Шәкәрім туралы ғой, оны папам оқимын деп қызығып алып қалған). Мектебіміздің кітапханасынан Шәкәрімнің үш томдығын кабинетіме алдырып оқып жатырмын. Мықты екен ғой...

- Папаааа?

- Шәкәрімнің Толстоймен жазысқан хаты қандай?! Ондағы көтерген мәселені айтсаңшы? Сол Толстой Исламды қабылдаған дей ме?

- Иә, папа. Сондай дерек бар. Бірақ анық емес. Бірақ нәпісіні тәрбиелеуде Толстой да, Шәкәрім де шыңға шыққан адамдар.

Бір кезде папам әңгімені қайтадан атамның Құранына қарай бұрды. 

- Атаң байдың тұқымы екен. Арғы аталары молда болыпты. Атаң да бала кезінен Құран үйренген. Ал 17 жасқа толғанында Кеңес үкіметі орнап, алай-дүлей заман басталады. Бай, молданың тұқымы ретінде сотталады. Кейін соғысқа кетеді. Соғыстан келген соң бір әділетсіздікке шыдамай тағы істі болып, сотталады. Тек 50-жылдардан кейін ғана апаңмен бас қосыпты. Сондай бейбіт заманның бірінде түсінде арғы аталарының бірі аян беріп, "Құран оқы! деген көрінеді. Сонда атаңның есіне мына сен қолыңа ұстап отырған Құран кітап түседі. Ол ағаларының бірінің үйінде сақтаулы екен. Бірден барып алып, ашып оқып көрсе, баяғы бала кезінде оқығандарының бәрі көкірегінде сайрап тұр. Солай дінге қайта бет бұрыпты. Біздің бала күнімізде атаң өз аталарынан қалған осы Құранын қолынан тастамай оқып отыратын. Сондайда мен: "Бір оқыған кітабыңды қайта-қайта неге оқи бересің? Өткенде оқыған жоқсың ба?" деймін еркелікпен. Ондайда атаң: "Мұны оқығанның пайдасы өте көп. Әр оқығаныңа әрқилы сауап бар" дейді. Ауылда кісі қайтыс болса, атаңды алып кететін. Атам өмірден өткен адамның жанында екі күн күн-түні отырып, Құранды марқұмға арнап хатым етіп шығатын. Үйге қатты шаршап келетін. Ондайда: "Ата, сол кітапты өткенде ғана оқып едің ғой. Соны бағыштай салмадың ба?" деймін. "Жоқ, балам. Ол қабірге бара жатыр. Дайындықпен жіберуіміз керек. Құранды түгел аударып, сауабын соған бағыштадым. Оны не күтіп тұр екен..." дейтін.

- Папа, қазір неге солай өлген кісіге Құранды толық оқып, бағыштайтын адам жоқ? Бірер қысқа сүре оқи салып неге жерлеуге асығамыз? Адамды қабірге дайындықсыз жібермеуіміз керек қой! Атам өлген адамның жағдайын қалай білген? Не деген эгоист едім. Қазір ғой Құранды өзім үшін оқып жатырмын. Атама бір Құран бағыштасам болады ғой! - дедім жаным шырқырап.

-  Сонда Құранды тірі кісіге де арнап оқуға бола ма? - дейді әкем таңғалып. 

- Әрине, пап. Осыған дейін өзім үшін оқысам, енді атама арнап бір Құран хатым етем, Алла қаласа.  

- Қызым, кейде маған мынандай ой келеді. Сендердің аманшылықтарың, өміріміздегі әр істің сәтімен келуі сенің атаңның дұғасы мен аппақ тілек-ниетінің арқасы сияқты көрінеді... 

Дұрыс айтасыз, папа! Егер біздің халық жақсы өмір сүріп жатса, ол ата-бабасының Алладан ұрпағының амандығын жылап сұраған дұғасынан. Егер біз жақсы өмір сүріп жатсақ, ол біздің аталарымыздың қардай таза пейілінен. Егер мен жақсы өмір сүріп жатсам, атам Шапиянның жан-тәнімен Аллаға құлшылық етіп, алақан жайып тілеген тілегінен... Біз сендерге қарыздармыз, ата-бабалар! Қарызымызды арттарыңнан Құран оқып қайтармақпыз дегім келеді...

Енді қазір қолыма Құран алсам, ойыма атам келеді. Көз алдыма оның әбден ескірген Құраны мен соқпақты өмір жолы елестеп, көкірегіме белгісіз бір шуақ құйылғандай болады да тұрады...    

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 лет назад 6625
7 комментариев
  • Ас саляму алейкум! Марфуға, айналайын! Сенің мақалаңды оқып, менің де жаным теріберіп кетті. Менің де әкемнің көзін көрген "Мұхтасарым" бар. Сенікінен ескі емес, беріде шыққан. Дегенмен, Кеңестің аласапыран заманында әкем марқұм сол кітаптан дәріс алып, анам екеуі намаз оқиған. Маған да Жаратушы Иеміз иманынан жаңылмаған ата-бабама, әке-шешеме Құран бағыштайтын миссия артыпты. Әзірге, біздің тұқымнан намазға жығылып, ата-бабасын іздейтін, артынан Құран сөздерін бағыштайтын жалғыз мен болып тұрмын. Аллаға шүкір, бірақ менің де қатарым толығатынына сенімдімін. Себебі, мен Жаратушымыздан иманын серік еткен бауырларымның қатарын толықтыра гөр деп тілеудемін. Әсіресе, мына сөздерің: "Егер біздің халық жақсы өмір сүріп жатса, ол ата-бабасының Алладан ұрпағының амандығын жылап сұраған дұғасынан. Егер біз жақсы өмір сүріп жатсақ, ол біздің аталарымыздың қардай таза пейілінен. Егер мен жақсы өмір сүріп жатсам, атам Шапиянның жан-тәнімен Аллаға құлшылық етіп, алақан жайып тілеген тілегінен... Біз сендерге қарыздармыз, ата-бабалар! Қарызымызды арттарыңнан Құран оқып қайтармақпыз дегіп келеді..." менің жан-тәнімді тебірентіп жіберді. Жатқан жайларыңыз жарық, алдарыңыз - пейіш, арттарыңыз - кеніш болғай, ата-баба, әке-шешелер!
    9 лет назад
  • Атаңыздан үлкеееен жәдігер қалған екен. Жүрегім елжіреп кетті. Иншалла бағыштағаныңызды Алла қабыл етсін! Атаңызды көрген, иіскеген қандай бақытты жансыз. Менің атам- әкемнің бала кездінде қайтыс болған екен. Қазір жолдасымның әкесі балаларымыздың атасы ғой. Немерелері құшақтап, еркелеп жатқанда қатты қызығымын. Шіркін мен де барып мойнына асылар ма едім деп... Оның үстіне сіздің атаңыз сияқты құраны қолынан түспейтін, намазхан, шежірелі-баталы, қажы Ата. Енді менде сізге айтар аз-маз пендеуи өтініш- керемет атаның баласын папа емес, Әке деп айтуға дағдылансаңыз. Мен өзім 40-қа келсем де папа дейді екенмін. Бірақ балаларымыздың атасы бірде итті ка-ка деп шақырса, есекті па-па деп шақырады... дегенді. Әрине антонимдер ғой, сонда да кейін па-па дегенді азайтпаса болмас деп ойладым. Әдемі жүрек елжіретер естелігіңізге тағы да рахмет!!! Жазар көп болсын!
    9 лет назад
  • Ма ша Алла! Алла атаңызды өз рахметіне бөлесін! Керемет мирас қалдырған екен.
    9 лет назад
  • МашаАллах....... керемет...... Алла разы болсын......
    9 лет назад
О блоге
0
790257 262 418 11189 167