"Айналайын" сөзінің құдіреті
"Айналайын" сөзінің құдіреті
Қазақтың "Айналайын" атты ғажап сөзін керемет жақсы көремін.
"Айналайында" жылылық бар, "айналайында" мейірім бар, "айналайында" махаббат бар, "айналайында" өмір бар.
"Айналайын" сөзінің шығу тарихы да қызық екен. Ол туралы қателеспесем, тарихшы Ordaly Moldalyuly осы фбда жазды. Онда "айналайын" сөзінің өте ертеде, жаратылыс туралы түркілік түсінікпен қатар пайда болғанын айтады. Яғни, бұрынырақта кәрі кісілер дертке шалдыққан жастарды аман алып қалу үшін, өздерін құрбандыққа атаған. Ол үшін ауру адамды киіз үйдің ортасына жатқызып, қарт кісі үш рет айналып, есікке келгенде "айналайын" деп дауыстайды. Осыдан кейін жас кісі жазылып, айналған қария қайтыс болады екен. Көне түркілердің осы дағдысымен атақты БАБЫР ұлы Құмайын ауырғанда оны үш рет айналып, мықты денсаулығына қарамастан қайтыс болыпты деседі. Қазақ содан бері бұл сөзді ұмытпай, балаларына "айналайын" деп еміренеді екен. Онысы "сенің жолыңда менің жаным құрбан" немесе "саған келген пәле маған болсын" дегені...
Сосын Олжас Сүлейменовтың "Айналайын" атты атақты өлеңі бар.
Айналайын – чудесное слово,
Жаль, что русский его не поймет,
Объяснить я готов ему снова,
Только бедно звучит перевод, - дейді де ақын "айналайын" сөзін Есениннің "Шаганэсіне" теңейді. Ал шетелдік досы қазақша "қимастықтың, сыйластықтың ұраны" болатын сөз сұрағанда ақын Кәкімбек Салықов оған "Айналайынды" айтыпты да:
Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде,
"Айналайын" деген сөзді сақтармыз, - деп жырға қосыпты.
Міне, "айналайын" - осындай үлкен жүк арқалаған әлемдегі ең жылы сөз. Өзім де үйдегі кәрі апамды қуантсам, оның тарамыс арық қолдарымен басымнан сипап, "айналайын" деп емірене сүюін күтіп тұрамын. Қариядан бата алсам да, сөз соңында "айналайын" дер ме екен деп, елеңдеймін. Пейілі өзге ағаның "айналайын" деп еміренгенін естігенде, әлем гүлденіп кеткендей болады.
Ал осыдан біраз уақыт бұрын жасы өзім шамалас досымнан "айналайын" деген бір сөзден тұратын смс алғанымда төбем көкке екі елі жетпеді. Оның жүрегінен төгілген шексіз мейірім бір-ақ ауыз сөзге сиып, маған жетіп тұр еді...
Ал бүгін таңертең сабағына асыққан сіңлім жанталасып таңғы ас әзірлеп жатты. Оны ішіп кетуге өзінің үлгермейтіні анық. Бірақ кішкентай жүрегімен мені ойлап тұр. "Айналайын" дей бердім ішімнен... Өйткені, осы күні мен де біреудің бір ісіне сүйсінсем, "айналайын-ай" дегім келіп тұрады... Олжасша айтсам:
Айналайын, тебя называю…
Если хочешь понравиться мне
Называй ты меня айналайын,
Как Есенин свою Шаганэ.
Қазақта "Айналайыннан" артық сөз бар ма екен? Айтыңыздаршы... :)
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 жыл бұрын 22710
2 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167