АДАМ ТАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?
АДАМ ТАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

"Біздің үйге аурухана жақын болатын. Үйіміз екіқабатты болғаннан кейін астында өзіміз тұрып, үстіңгі қабатын пәтерге беретінбіз. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде, кешқұрым есік қағылды. Шықсам, табалдырықта ауыр аурудан ба, бет-ауызы қотырдан көрінбейтін, домбығып ісіп кеткен жүзі көрген адамға қорқыныш ұялататындай бір кісі тұр екен. Шошып кеттім. Ал ол болса жылы жымиып: "Ауруханаға емделуге келіп едім. Кеш қалып қойыппын. Автобусым ертең таңертең ғана. Қонып шығатын бір бөлме табылмас па екен? Бетімнен қорқып тұрғаныңызды байқап тұрмын. Маңайда түнеп шығатын басқа лайық орын көрінбейді. Қажет десеңіз, кіреберіс дәлізде-ақ ұйықтайын. Тек рұқсат етсеңіз болғаны" деді жалынышты үнмен. Соңғы сөздері көңілімді жібітіп, орын жоқ болса да, төсек тауып беретін боп кіргіздім. Кешкі ас дайын болғанда дастархан басына шақырып едім, жейтін тамағын ала келгенін айтып келмеді. Астан кейін біраз әңгімелестік. Балықшы екен. Күйеубаласы омыртқасынан жарақат алғалы бері, қызы мен бес жиенін балық аулап асырап жүр екен. Өмірге өкпелі емес, керісінше, жұмыс жасай алатын мүмкіндігіне разы секілді. Ауруының да еш мазаламайтынын айтты. Жақындарының қажетіне жарап жүргеніне шүкіршілік білдірді. Біз оған төсекті балалар бөлмесіне раскладушкаға салып бердік. Таңертең кетерінде "Емделуге келесі келгенімде де сіздерде түнеп шықсам бола ма? Балаларыңыздың жанында өзімді үйдегідей сезіндім" деп алғысын айтты. Мен де қашан келсе де қуана қарсы алатынымды жеткіздім.

Арада бір ай өткенде балықшым сыйлық ретінде үлкен балығын құшақтап бір келді. Келесі жылдары да балығын, бақшасының жемістерін көтеріп келіп тұратын болды. Кейде өзі келмегенде соның бәрін пошта арқылы посылка ретінде салып жіберетін. Өзі болмашы табыс табатын, сонысына қарамастан үйінен пәленбай шақырым жердегі поштаға келіп, өзіне мүлде бөтен адамдарға посылка жіберетін сол қарияның мейірімділігі мені қатты таңғалдыратын. Ондай кездері бірінші күні-ақ балықшыны байқаған көршімнің "Мынандай қорқынышты адамды үйіңе қалай кіргізгенсің? Квартиранттарды шошытатын болды ғой!" - деген сөзін есіме алып, үйіме қондырмағанымда өмірде осындай да керемет адамдар бар екенін білмей кететін едім ғой деп ойлаймын. Рас, бірер квартирантымды жоғалтқан шығармын, бірақ сол көршім менің одан мыңдаған есе артық кереметті тапқанымды біле ме екен?!

Өмірге шүкіршілікпен, махаббатпен, мейіріммен қарауды үйреткен сол балықшы қарияға алғысым таусылған емес..."        

Пы.сы. Ғаламтордан осы оқиғаны оқып отырып, кеше барып көрген "Зверополис" мультфильмін есіме алдым... Оқиғағадағы балықшы секілді есік қағып келген қанша адамның алдынан есігімді тарс жаптым екен? "Зверополистегі" "қоян" секілді қанша "түлкінің" обалына қалдым екен... Біз жаман деп ойлағанның бәрі жаман, біз дұрыс деп ойлағанның бәрі дұрыс емес қой... Айтыңыздаршы...  

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 5513
8 пікір
  • Тамаша!
    9 жыл бұрын
  • BQ
    Кызык екен, оте асерли окига екен. Сонгы кезде, бизге осылайша, Алла Тагала сынак ретинде, осындай ускынсыз, жагымсыз кейипте неше турли сынак ретинде периштелерин, кулдарын жиберип, оларды такаппарланып менсинбей, Раббымыздын алдында маскара болып журген жокпыз ба деген ойлар мазалайды...
    9 жыл бұрын
  • Осыдан бірнеше жыл бұрын... Қоғамдық көлікте кетіп бара жатқам. Мен түсетін аялдамаға да келіп қалдық. Кондуктор әр аялдамада айқайлап, көшенің атын атап жатыр. Бір кезде, менің аялдамамда бір орта жастағы әйел есікке жақындап, түсуге әрекет жасады да, әмиянын ақтарып, жолға төлейтін ақыны таппай қалды. "Қап, үйде ұмытып тастап кетіппін"-деп сан соқты. Кондуктор оны өңменінен итеріп: "сіз сияқтылар көп, бәрін тегін мінгізе берсек, біздің бала-шағамызды кім асырайды, өтірік айтасыз, тауып беріңіз",- деп дүрсе қойды. Жұрт есікке кептеліп қалды. Әлгі әйел ақталып жатыр: "балам, мен осы автобусқа күнде мінем, ертең-ақ беріп кетейін",- десе, кондуктор шаңын қақты. Артындағы адамдар "бізді түсір",- деп бірі ары итеріп, бірі бері итеріп, кимелеп кетті. Байғұс әйел шырылдап тұрып қалды өлердегі сөзін айтып... Жұргіншілердің біреуі үнсіз түсіп кетсе, екіншілері әлгі әйелді "ағаш атқа мінгізіп", сыбап жатыр. "Қаңғыбастар", "тілемсектер" деген сөздер борап кетті. Кондуктор жұрттың сөзіне еліріп, әлгі әйелді жерден алып, жерге салды. Әйел байғұс жыларман болды. Оқиға үш-төрт минуттың ішінде өтті. Ақыры, кондуктор әлгі әйелді кеудесінен итеріп: "түспейсіз, сізді түсірмеймін",- деп ішке қарай итеріп тастады. Осы кезде артқы жақта отырған бір сұлу келіншек орныннан түрегеліп: "бауырым, мұның қалай? Сенің басыңнан осындай жағдай өтпесін кім кепіл? Сен де үнемі автобуста кондуктор болмайтын шығарсың? Адамгершілік деген бар ма?",- деп, қалтасынан ақшасын суырып алып, әлгі әйелдің жолақысын төлей салды. "Жоқ, осындайлар көп, бәрін тегін таси береміз бе?", - деп міңгірледі кондуктор. Әлгі әйел артқы жақта отырған сұлу келіншекке рақметін айтып түсіп қала берді. Сұлу келіншек келесі аялдамада түсті. Түсіп бара жатып, әлгіндегі қоңыр үнімен: "бауырым, ақша адамгершілікке өлшем бола алмайды, соны ұмытпа",- деп кетті. Дүйім жұрттың ішінен ақшаны адамгершілікке өлшем етпеген бір адамның табылғаны мен үшін үлкен сабақ болған-ды.
    9 жыл бұрын
  • Ақын Мұқағали бабамыздың мына өлең жолдары есіме түсіп отыр:

    Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл.
    Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
    Уақытты не пайда санағаннан,
    Алатұған өмірде бағаңды біл.

    Қанша күнің санап көр текке кетті,
    Қанша жанды санап көр өкпелеттің,
    Адамдықтан адасып қаншама рет,
    Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің.

    Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің,
    Қанша жанның жүзіне шуақ септің.?
    Қаншама рет қуанып бардың дағы,
    Қанша жанның алдынан жылап кеттің.

    Ал, қанеки, санап көр, санағышым!
    Сарқылмастан тұрғанда сана-күшің.
    Не жақсылық көрсетті адам саған,
    Не жақсылық жасадың адам үшін?
    9 жыл бұрын
  • Бала кезімде көшеде келе жатсам бір әйел баласы екеуі әбден шөлдеген менен су сұрады, мен болсам ол әйелден қорқып үйге қарай қаша жөнелгенмін. Оны тағы ешкімге айтпадым. Бірақ артынан осы қылығымның дұрыс емес екенін түсіндім. Әлі күнге дейін есіме алсам қатты ұяламын.
    Бұл мен білетін ұятты тірлігім, ал мен білмейтінім қаншама. Марфуға жақсы тақырып қозғапсыз.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167