ТЕК СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ ЖҮРЕК
ТЕК СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ ЖҮРЕК

Анасы күні бойғы жүгірістен шаршап, денесін ауыр зіл басып тұрғанына қарамастан кеудешені тоқуды қайта қолына алды. Таңертеңмен жұмысында болып, арасында үйге жүгіріп келіп, қызын сабағына апарып тастап, кешке оны қайта алып келіп, тамағын пісірді. Қызының сүйікті тәттілерін әзірледі. Сонымен шәй ішіп болып, қолына тоқымасын алғаны осы, бөлмеге кірген қызын да байқамапты. Ол анасының қолындағы үлкен кеудешені көріп:

- Мама, мына жылы кеудешені кімге тоқып жатырсың? Маған бір емес, екеуін тоқып бердің. Өзіңде де бірнешеуі бар. Жететін шығар, енді! -  деді ұрысқандай болып, анасына жаны ашып. 

Жанар қызына қарап бір жымиып қойды да, тоқуын жалғастыра берді.

Күздің әдемі қоңыр кештерінің бірінде ана мен қыз кешкі астарын ішіп алып, бір-біріне иық түйістіріп диванда кино қарап отырған. Бір сәтте қызы орнынан атып тұрып: 

- Мама, кеудешені тоқып бітірдің бе? Көрсем бола ма? - деді қуанышты үнмен. 

- Бітірдім. Көргің келе ме?

- Әрине, көргім келеді! - деді де, қызы сонда екенін сезгендей, кешелі-бері ауызғы бөлмедегі бұрышта тұрған қорапты залға алып келіп, ішін аша бастады. Ішінен үлкен, қалың екі кеудеше шықты.

- Мама, бұл не?! Мұның бәрі кімге? Сен оған посылка жіберіп жүрсің бе?! - деп айқай салды да, қыз жылап қоя берді. Тіпті қатты ашудан денесі дірілдеп кетті. Үнсіз келіп, қызын жылы құшағына алған ана бәсең дауыспен:

- Қызым, гүлім менің! Солтүстікте күн суық емес пе... тоңады ғой... Көріп тұрғаныңдай мен оған бір емес, екі кеудеше тоқыдым. Өзіне, әйеліне. Сен әкеңді білсең ғой, оның жүрегі сондай мейірімді. Өзінің тоңғанына қарамастан, кеудешесін әйеліне бере салуы мүмкін... сосын ауырып қалса ше?

Қызы өксігін баса алмай:

- Бірақ, мама?! Ол бізді тастап кетті емес пе? Басқа әйелмен тұрып жатыр. Ал біздің ешкіміміз жоқ. Сатқындығына қарамай, әлі де қатты жақсы көресің бе?

- Жоқ, қызым. Ол бізді сатқан емес. Оны өзім жібердім. Сезімі біткен, махаббаты өшкен адамды күшпен ұстап тұруыма бола ма? Ал өзің шын жақсы көрсең, оған қайда, кіммен жүрсе де бақыт пен жақсылықтан артық ештеңе тілемейсің. Әкеңді кінәламаймын. Бақытты, алаңсыз ғұмыр кешсін! Әйелінің де жазығы жоқ. Әкеңнің таңдауы оған түскеніне қарағанда жаман адам болмаса керек. Өйткені, ол адамды жақсы таниды. Оған сенем, құрметтеймін, жақсы көремін. Ол - сенің әкең. Ал сен - менің қызымсың. Екеуің де менің бақытымсыңдар. Солай емес пе?!

Анасының бауырында көңілі жайланған қыз нағыз махаббаттың не екенін ұққандай болды. Әлемде іші тек сүйіспеншілікке толы үлкен жүректер бар екен. Онда жек көруге, жамандыққа орын жоқ екен...

Ана мен қыз түсініскен күйін үнсіз ұзақ құшақтасып тұрды. Қолдарында үлкен, жылы екі кеудеше... 

 

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 лет назад 6298
0 комментариев
О блоге
0
790257 262 418 11189 167
Прямой эфир