СІЗ ҚАНША АҚША ҚАРЫЗСЫЗ?
СІЗ ҚАНША АҚША ҚАРЫЗСЫЗ?

Әлі есімде... Бала кезіміз болатын. Қыстың қақаған бір суығында үйде шай ішіп отыр едік, сырттан апам кірді. Ауылдың басында бір үлкен кісі қайтыс болып, соның жаназасынан оралған беті еді. Кіре пальтосын қағып-қағып, «мына күн қайтеді, өзі...» деп күбірлеп жүріп пештің ыстығына қолын біраз тосып тұрды да, шайға отырды. Ағайын-туғаны қайтыс болған кісіні соңғы сапарға қалай шығарып салғаны туралы сұрап жатырмыз. «Е, қайнағаның қазасы аяқ астынан болғаннан кейін қайбір дайындығы бар дейсің олардың... – деді апам шайды бір ұрттап қойып. -- Осы алдыңғы күні ғана таңертең сиыр саууға үйден шығайын деп жатсам, сырттан біреу айқайлайды. Шықсам – осы қайнаға. «Ойбай, келін, үш сом ақша қарыз бере тұр, ауданға кетіп барамын, «екі-үш күнде қайтарамын» деді... Бердім. Бірақ, ол кісіні соңғы мәрте көріп тұрғанымды қайдан білейін... Жаңа жаназа шығарарда молда «марқұмның кімде қарызы бар еді, айтыңдар, мына баласы өтеймін деп тұр» деген соң ортаға шығып, айттым... Үш сом қарыз алғанын... Ұят та болып қалды ма, бір жағы... Бәрі біртүрлі қарап қалды, бірақ, баласы ақшаны қайтарып берді».

Мына әңгімені тыңдап отырып үйге қыдырып келген екі әпкем шайларына шашалып қала жаздады. Шынын айту керек, апамның бұл тірлігіне мен де намыстанып кеттім. «Апа, соншама не болды, соншама жұрттың көзінше болмайтын үш сомды сұрап... Ойбай-ау, сұрасаңыз үш емес он сом тастап кететін едік қой. Масқара-ай, масқара...» деп үлкен әпкем шала бүлінді де қалды. «Мені сол үш соммен байып қалады дейсің бе, қарыздың күнәсі қатты болады. Бұған дейін де ол кісі талай мәрте қарыз алған, бірақ жарықтық, уақытында қайтаратын. Енді бұл үш сомды өз қолымен қайтаруды қайнағаға Құдай жазбаған екен, енді баласы қайтарып, қайнаға о дүниеде тыныш жатсын да...» деп апам да қайтпады. Ол кезде күнә, о дүние, жұмақ, тозақ дегенді жақсы түсінбейтін кезіміз. Сондықтан апамның тірлігіне біразға дейін «ыстықтап» жүрдік. Сөйтсек, қарыздың екі дүниеде де үлкен жауапкершілігі бар екенін көнекөз апамыз біледі екен ғой.

Жалпы қарыз деген қызығатын нәрсе емес. Бүгінде кім қарыз сұрамайды, кім кімге қарыз емес десеңізші... Қазір қарыздың құрығы ұзын. Көшеге шығып қалсаң, жарқ-жұрқ еткен жарнама... «Ойбай, бізге кел, пәлен пайызбен қарызға ақша береміз, түген пайызбен қарызға зат береміз» деген. Қанша жерден қалтаң жұқа, жалақың жетімсіз болса да, қарызданып-қауғаланып жүріп, сол затты алғанша тыным таппайсың. Яғни, отбасы табысын шамалап, шамаңа қарай көсілмеген соң қазір қарыз сұрау мен қарыз берудің құны түсіп, қадірі қашып бара жатқандай. Шариғат бойынша қарыз берушіге де, егер сол қарызды уақытында қайтарса, алушыға да жазылар сауап бар. Бірақ, біздің қоғамда қарыз бен қасірет қатар жүр. Осыдан біраз жыл бұрын 500 мың теңге несие алып, қарызын қайтара алмаған соқталдай бір азаматты банк сотқа беріп, сот залында қарыз алушы өзін-өзі шолақ мылтықпен атып тастады. Тағы ол банк өкілін де, соттайтын судьяны да атпақшы болып, дайындалып келген екен, бірақ оның қараниетін байқап қойған судья алыса кетіп, мылтық жазатайым атылып кетіпті. 

Ал, Қарабұлақ ауылында өткен мына бір жағдай тіптен сұмдық... Жаңадан шаңырақ көтерген бір жігіттің әкесі мен анасы бір күнде қайтыс болыпты. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген, жас отбасыда қаншалықты қор болсын. Бірақ ағайындары «ел-жұрттан ұят болмасын, әке-шешеңді соңғы сапарға жөндеп шығарып сал, әйтпесе бәрі күліп кетеді, шамаң келмесе біз ақша берейік» деп бәрі қарызға қомақты ақша береді. Сонымен марқұмдарды жер қойнына беретін күні, одан жетісінде, қырық күндік, сосын жылдық асының әрқайсысында бір-бір жылқы сойылып, әрбір шараны ұлан-асыр қып өткізеді. Жыл өткен соң жігіттің ағайындары бірінен кейін бірі қарызын сұрап келіп, қолдағы бар малды сатып, жас отбасы бір күнде тақырланып шыға келеді. Не жұмыс жоқ, не табыс жоқ. Қарызды айқай-шумен зорға қайтарған соң ол үйге ағайындарының ешқайсысы бас сұқпайды. Содан жігіт өмірден баз кешіп, қапа болып жүргенде бұл отбасының есігін иегова куәгерлері қағыпты. Аш отырған бала-шағасына бір қап ұн, бір қап күріш, басқа да қажетті заттар әкеліп, жігіттің өзімен шер тарқатысып сөйлескен ғой. Сонымен қандас бауырымыздың отбасы бір күнде басқа дінге өтіп кете барыпты. 

Қарыздың да қасиеті бар. Қарызданушы адам өзіне қарыз берген адамның алдында өзінен-өзі төмендеп, тіпті оны құдай көре бастайды. Мейлінше, көзіне түспеуге тырысады, жазатайым кездесіп қалса, реті келсін-келмесін оны көпіртіп мақтайтын болады. Баяғыда біреу Қожанасырдан қарыз сұраса, бермепті. «Неге бермейсің?» деген ғой анау, сонда Қожекең «қарыз берсем, көрген жерде сен менен қашып жүретін боласың, сенімен жасырынбақ ойнайтын шамам жоқ, айналайын» деген екен. Сол айтпақшы, құрметті оқырман, Сіз біреуден қашып, жасырынбақ ойнап жүрген жоқсыз ба? Қазір қарыз емес адам кемде-кем. Бұл бәлкім, қоғам қасіреті шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Оралхан Даутовтың фейсбуктағы парақшасынан

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 лет назад 9613
0 комментариев
О блоге
0
790257 262 418 11189 167
Прямой эфир