Бір күні алыс сапардан келе жатқан жас жігіт жол бойында кәрі кемпірді көреді. Ымырт үйіріле бастаған шақ болса да әйелдің жүзі әбіржіңкі екенін байқау қиын емес еді. Оның көмекке мұқтаж екендігі айтпаса да түсінікті. Жігіт кемпірдің «Мерседесінің» жанына тоқтады. Өзінің даңғырлап қалған ескі «Пинтосынан» асықпай түсті.
Қария қиналғанын жылы жымиыспен жауып-жасқағысы келді. Екі сағаттан бері жанына ешкім тоқтап көмектесейін демеген еді. Бұған не керек? Бұл кім өзі? Күйі келіспеген біреу сияқты. Аш қой деймін өзі. Оның санасында сан түрлі сауалдар туындап жатты.
Жігіт қарияның жүзіндегі алаңды бірден байқады. Тек үрей ғана адам көзінде осындай із қалдыра алады. Бұл ондайды жақсы білетін.
«Амансыз ба? Мен сізге көмектесейін. Сіз көлікте отыра тұрыңыз, қанша дегенмен жылы жер ғой. Айтпақшы, менің атым Брайан Андерсон болады» деді.
«Мерседестің» дөңгелегі жарылып қапты. Бірақ өзі көмекке зәру қария үшін оны ауыстыру күш болса керек. Көліктер зуылдап жатқан үлкен жолда зор қиындық қой. Брайан жылдамдатып дөңгелекті ауыстырып берді. Жеңін былғап, қолын жарақаттап алды.
Жігіттің дөңгелекті ауыстырып болғанын қарап отырған қария терезесін ашып, әлгі жігітті әңгімеге тартты. Өзінің Сент-Луисте туып-өскендігін, мұнда ұзақ қалу ойында жоқ екендігін жеткізді. Бірақ жағдай жіпсіз байлағанын айтты. Дәл қазір жігітке не айтса да лайықты алғыс айта алмасына сендірді.
Брайан күлімсіреді. Қартаң әйел мұндай жағдайда кез келген ақшаны төлеуге дайын екендігін айтып жатты.
Жігіт еш күмілжіместен ақшадан бас тартты. Өзі қиын жағдайда қалғанда көмектескен көп адамдарды еске алды. Олар ешқашан есесіне ештеңе сұрамаған еді. Брайан қарияға шынында разылығын білдіргісі келсе, жолда жолыққан көмекке мұқтаж ең бірінші адамға көмектесуін сұрады. «Сол сәтте мені еске алсаңыз да жеткілікті...» деді.
Қария көлігін оталдырып, жүріп кеткенше Андерсон соңынан қарап тұрды. Бүгінгі суықтан, сәтсіз күннен еңсесі түсіп келе жатыр еді. Жақсылық жасаудың мүмкіндігі орайласа кетіп, көңілі көтеріліп қалды. Кеудесін қуаныш кернеді. «Мерседес» мінген қарияны көз қиығымен шығарып сап, іштей оған өзі алғыс айтумен болды. Жүзі бал-бұл жанып өз көлігіне отырды да, сапырылысқан көліктер нөпірінде жоқ болды.
Бірнеше миль жүрген соң қария жол жиегіндегі дәмханаға тоқтады. Жанармай құятын бекеттегі әдеткі дәмхана. Дұрыс жиналмаған үстелдер. Ішінде көз тартарлық бір дүние жоқ. Сұрқайлы,ы басым орын екен. Дәмхана әйелдің бойынан жиіркеніш пен жайсыздықты тудырды. Кейде айналамызды өзгерткенде бала күнгі достарымызға бөтен боп кететіндей кепті басынан кешті. Осы бір қолайсыз көріністің қақ ортасында жылы жымиған жап-жас даяшы келіншек қана бөлектеніп тұрды. Қария оның жылы жымиысын кірген бойда байқаған еді. Жымиысынан шаршағандықтың, алаң мен қайғының табы сезілді. Жүзі жымиып тұрса да, көзі мұңды. Қария оның көзінен өзін таныды. Жарты сағат бұрын өзі де осы күйді кешіп тұрған еді ғой. Дәл осындай жылы жымиыс, мұңды көз. Келіншек маңдайындағы терді сүрткіштеп, жинап үлгере алмай жатқан үлстелдерге қарай берді. Қалай үлгерер екенмін деп қобалжып тұр-ау. Сонда да жылы жымиып, кірген-шыққан жанның бәріне жақсы көңіл күй сыйлап тұр. «Мерседестегі» қария оның аяғы ауыр екенін, шамамен жеті айлық болып қалғанын бірден байқады. «Өзінде дым жоқ адам өзгеге осынша көп мейірді қалай бере алады екен?» деген ой мазалады. Ол Брайанды еске түсірді.
Кешкі асын жеп болған соң қария үстел үстіне жүз доллар қалдырды да жылдам басып шығып кетті. Даяшы үстелді жинауға келгенде, көзі шарасынан шықты. Әйелдің соңынан жүгіріп үлгермейтінін түсінді. Майлық қағаздағы жазуға көзі түсті. «Сен маған ештеңе де берешек емессің. Мен сені жақсы түсінем. Маған да көмектесіп, есесіне ештеңе алмаған жандар жолыққан еді. Мен де саған солай көмектескім келді. Маған алғыс айтқың келсе, онда осы адамгершілік пен мейірімнің тізбегі сенімен тоқтап қалмасын». Хат жазылған майлықтың астында тағы да 400 доллар жатты.
Жиналмаған үстелдер, жуылмаған ыдыстар, қаптаған клиенттер –күтпеген жерден жүрегіне қуаныш сыйлаған мейірімнің шапағатымен қанаттанған келіншек бәрін лезде тазалап үлгерді. Үйге келген соң да «Мерседес» мінген қарияны ойлай берді. Мен ақшаға зәру екенімді ол қалай білді екен? Босанатын уақыт таяп келеді, азғантай табыспен қиналар едік... Төсекке жатты да даяшы келіншек ұйықтап жатқан күйеуін ту сыртынан қапсыра құшақтады. Ақша табылмай қалады деп көптен бері уайымдап, қолынан келгенін жасап баққан еді ол... Келіншек оның бетінен шөп еткізіп сүйді де, құлағына сыбырлады: «Бәрі жақсы болады. Мен сені шексіз сүйем, Брайан Андерсон» деді.
Аударған Шынар Әбілдә
МЕЙІРІМ ШАПАҒАТЫ
|