АРАЗДЫҚТЫ ЖЕҢГЕН МЕЙІРІМ ТУРАЛЫ...
АРАЗДЫҚТЫ ЖЕҢГЕН МЕЙІРІМ ТУРАЛЫ...

         Атам айтқан сөзінен қайтпайтын, өте қатты жан еді. Әкем де сол кісіге тартқан. Менің 16, кішкентай қарындасым Айғанымның 5 жасар кезі болса керек. Атам өзінің жалғыз баласы, біздің әкемізбен қатты сөзге келісіп қалды. Үлкендердің неге ұрысқанын біз білмейміз ғой, бірақ сол оқиғадан кейін атам мен әкем сөйлесуді қойды. Ата-әжеміз біз тұрған қалашықта, бірақ бөлек үйде тұратын. Әжеміз соның алдында ғана өмірден өткен еді. Атама қатты қиын болды. Әкем де кішірейіп, кешірім сұрап бара қоймады. Әкемнің сөзінен шықпайтын анам бірдеңе деуге күйеуінен қорқақтайтын. Бұл араздық 2 жылға созылды. Уақытының көп бөлігін біздің, яғни немерелерінің жанында өткізетін атам үйімізге келуді мүлде қойды. Арасында Айғанымды ертіп, мен барып тұратынмын. Біздің келгенімізге қаңғалақтап, қуанып қалатын атам бар жылы-жұмсағын біздің аузымызға тосып, мәз болатын. Әсіресе, қарындасым екеуінің бір-біріне деген махаббаты ерекше еді. Айғаныммен бала боп ойнап кететін атама жаным ашығанмен қолымнан келетін дәрмен жоқ-тын. Сөзінен қайтпасы белгілі.  

         Тағы бірде қарындасымды ертіп атамның үйіне бардым. Айғанымның туған күніне 4-5 күн қалған болатын. Отбасымызда туған күнді ерекше атап өту дәстүрі бар. Төрт көзіміз түгел дастархан басына жиналып, туған күн иесінің ең сүйікті асын дайындап, жан-жағынан тілегімізді жаудыратынбыз. Сол күні Айғаным атасын туған күніне шақырып қоймады.

–       Ата-а-а, келші! Туған күнімде сенің де болғаныңды қалаймын. Сол күні сенің тісіңе жұмсақ келетін сүйікті пірәндігіңді пісіріп беремін. Мамам үйретем деді. Ата-ау, келші...

Қарындасыма жаным ашып кетті. Тілегімнің орындаларынан еш дәмем болмаса да:

–       Ата, бізбен үстел басына отырмағаныңа жылдан асты ғой. Келсеңші енді, басқа емес, Айғанның туған күні ғой! – дедім.

Атам төмен қадап отырған жанарын жерден жұлып алып, маған жалт қарады. Мұң мен шарасыздыққа толы ызғарлы көздері менің жалынышты жанарыммен түйісіп қалғанда, өзімнің артық кеткенімді түсіндім. Ал Айғаным тілегінің орындалуы мүмкін еместігін тіпті де сезбестен атасын үгіттеуін қояр емес. Ақыры кететін болып, орнымыздан тұрдық. Айғаным атасына арнап жасаған сыйлығын тапсырды. Шағын қорапша. Өзінің айтуынша, ішінде атамызға арнап салған суреті бар көрінеді.

     Айғанымның 7-ге аяқ басқан туған күні болатын күні кеш ояндым. Мұрныма соғымнан қалған, қазанда асылып жатқан жылқы етінің иісі келді. Мамамыз бауырсақ, торт пісіріп, салаттың небір түрін жасап, дастарханды жайнатып-ақ жіберіпті. Қонақтар кешке келеді, түскі дастархан өзімізге ғана арналған. Мен асханаға кіргенде анам Айғанға:

– Төрт қасық, төрт кесе алып қойшы, – деді.

–       Жоқ, бесеу. Атам да келеді ғой, – деді Айған.

–       Жаным-ай, – деп көзіне жас іркілген анам шарасыздықпен маған қарады.

–       Айған, өткенде өзің де көрдің, естідің ғой. Атам келмейді! – дедім, қатқыл дауыспен бос үміттендірмейін деп.

–        Шыңғыс, қойшы! Бес қасық ала ғой, Айған, – деді мамам.

Қонақ үйден әкеміздің де қарасы көрінді. Ол босағадан Айғанның әрекетін бақылап тұр еді. Үстелге жайғастық. Үнсіз отырып қалыппыз. Тыныштықты Айғаным бұзды. Алақанын жайып жіберіп, әкемнің ас қайыратын батасын айта жөнелді:

– Алла тағалам! Төрт көзімізге де амандық бер! Атама да... Ол қазір біздің үйге келе жатқан болар. Оны асықтыршы! – деді де, бетін сипай салды.

     Не дерімізді білмедік. Айғанымның көңіл-күйін құртқымыз келмеді, үмітінің күл-талқан болғанын көргіміз келмеді. Үнсіз отырып қалдық. Төрде ілулі тұрған сағаттың сыртылы ғана естіліп тұр еді. Бір кезде сыртқы есіктің ақырын ғана қағылғанын құлағымыз шалды.

–       Ата! – деп орнынан атып тұрған Айғаным есікке жүгіре жөнелді. Расымен, өзі! Үстінде той-томалақта ғана киетін жалғыз қара костюм-шалбары. Қолында немересіне сыйлығы.

Арада бірнеше ай өткенде атам қайтыс болды. Жеке заттарын жинап жүріп, көк конверт тауып алдым. Ішінде Айғаным салып, сыйлаған сурет бар екен: асүйдегі үстел, айналдыра бес орындық. Бір орындық бос, қалған төрт орындыққа фигуралар салынып, әрбіріне «Папа», «Мама», «Шыңғыс», «Айғаным» деп жазылған. Әрбіріміздің кеуде тұсымызға жаралы жүрек салыпты. Ал жүректерден қан тамшылап тұр еді...

 Сурет ғаламтордан алынды.

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 лет назад 5206
1 комментарий
О блоге
0
790257 262 418 11189 167