Сергей мен Құдайдың арасындағы саудасы жоқ байланыс
Сергей мен Құдайдың арасындағы саудасы жоқ байланыс

Мәскеуге алғаш келген кезімде маған бәрі жат, бәрі бөтен еді. Десе де, мен бұл қаладан өзімді табатыныма сенімді едім. «Мәскеу, мен сенен бергің келмеген нәрсені тартып алам» дедім. (Дәл солай дедім. Не деген максималист болғам. :) ) 
Хош. РУДНге магистратураға оқуға түсу үшін емтиханға дайындалып жүргенде құрбымның жатақханасында тұрдым. Құрбымнан көрші бөлмеде тұратын орыс жігіттің ислам дінін қабылдағанын естіп, ішім жылып қалды. (пендемін, иә :) ) Өзінің айтуынша, қатты ауырған кезінде Ислам дінін қабылдап, намазға жығылыпты. 
Жаздыгүні суық тиіп, Сергей күрк-күрк жөтеліп жүрді. Бөлмесі қапырық болғасын есігін ашып қояды. Дәлізден өтіп бара жатсақ, күрк-күрк жөтеліп, намаз оқып отырғанын көреміз.
Құрбым екеуміз: – Ауырып жүрген кезіңде намазды оқымай қоюға болмай ма? – дейміз. 
Биязы мінезді Сергей: – Өмір тым қысқа ғой. Жасаған күнәларымнан тазарып үлгерем бе? – деп жымиятын. 
Біз оны сыртынан «отец Сергий» дейтінбіз. (Толстойдың кейіпкері)
Құрбымның кішкентай мысығы болатын. Ал менің айлурофобиям бар, яғни мысықтан қатты қорқам. Кешке үйге құрбымнан бірінші келсем, аш мысық «тамақ бер» деп атылады ғой. Құрбым «Мысықтың сүтін мына жерге қойдым. Мұздатқыштағы сүтті берме, ауырып қалады. Сен менен ерте келесің ғой, мысығыма сүт берші» деп дайындап кетеді. Мысықты тамақтандырмақ түгілі, аш мысықтан қорқып, есікті жауып, дәлізге қашам. Бөлмеде қалған мысық есікті тырналап, мияулап, миымды жейді. Сергей күнде құрбымнан мысығын сұрап әкетіп, ойнатып, тамақтандырып, қайтып әкеп тастайтын. Сергейге «сүтін берші» деп айтайын деп ашық тұрған есігінен қарасам, Сергей намаз оқып отырады. Ертелі-кеш жұмыста ғой, қаза болған намазды жиып, оқиды. 
«Бастапқыда жұмыста намаз оқып жүргем. Ұжымдағы адамның бәрі орыстар. Олар қабылдамай, қарсы болды» деген болатын. 
Сергей намазын оқып бітіргенше, есігінің сыртында күтіп тұрам. Ол «мысықтан қалай қорқуға болады?» деп түсінбей, құрбым келгенше мысықты үйіне алып кететін. 
Сергей үйінде жалғыз ұл екен. Әкесі де, шешесі де ислам дінін қабылдауына қатты қарсы болыпты. Анасы «Сөйтіп жүріп, террорист болып кетпеші» деп ұрсады екен. Шешесі баласына қолдан бәліш, балық пісіріп, автобуспен жиі азық-түлік салып жіберетін. Сергей анасынан сәлемдеме келген сайын «біздің үлесімізді» әкеп беретін. 
Сергей тіпті халал етті де «таза емес» деп жемейді екен. Тек балық жейді. 
Бір күні балық қуырдым. Ас бөлмеде Сергейдің құры күріш қайнатып жүргенін көрдім. Құрбыма «Сергейге апарып берші» деп беріп жібердім. Бір сағаттан кейін Сергей тарелкамызға екі «Alpen Gold» салып, әкеп тұр. 
...Анам көрші үйде тұратын жалғыз басты кемпірге ыли тамақ беріп тұратын. Көрші ағамыздың келіншегі төркініне қыдырып кетсе де, менен ылғи тамақ беріп жіберетін. Мен асханада жүргенде (жатақханада асхана бәріне ортақ) Сергей жұмыстан шаршап келіп, тез пісетін тамақ дайындап жататын. Анамның тәрбиесі ме, мен де Сергейге балық пісірген сайын апарып беретін болдым. Ол тарелкамызды ешқашан бос қайтармайтын. Құрбым «Арзан балық беріп, қымбат шоколад алатыныңды білесің ғой, иә» деп қалжыңдайтын.:) 
Ауызашар кезінде бізге дүкеннен екі пакет азық-түлік әкеліп берді. Ол өзіне ылғи қымбат, сапасы жақсы азық-түлік алып жүретін. Бізге шамасы он бес-жиырма мың теңгенің азық-түлігін әкепті.
Мен РУДНге оқуға түстім де, өз жатақханама кеттім. Құрбыма барып жүрген кезімде Сергейдің бөлмесінен қауға сақал мұсылман жігіттердің кіріп, шығып жүргенін көрдім. Құдайды жаны қиналып, шын іздеген және оған шексіз сенетін адамның жүзі нұрланып тұрады. Сергейдің жүзі жантазалығынан, Құдайға деген сенімнен нұрланып тұратын. Ол, шын мәнінде, мұсылман еді. Сергей мен Құдайдың арасындағы байланыста ешқандай сауда жоғын сезетінмін. Ауырып, бір өлімнен қалған жігіт Ислам дінін «ең асыл дін» деп біледі. Сақалын өріп қоюға болатын жігіттер Сергейдің Құдайға деген шексіз сенімін, Ислам дініне деген махаббатын пайдаланбаса екен дедім. Кейін сол жігіттермен пәтерге шыққанын естідім. Сергей «хиджаб киетін мұсылман қызға үйленем» деп жүретін. Қазір үйленіп, пәтерде тұрып жатыр екен. 
Былтыр Құрбан айтта Сергей құрбыма хабарласып, «құрбандық шалдым, сендерге ет берейін» деп екеумізге ет әкеп берді. 
Ол – жақсы адам, жаны тазалыққа құштар адам. Өз бетімен Құдайды іздеп жүрген адам. Тек адасып кетпесе екен, достары адастырып жібермесе екен...

Аягүл Мантайдың фейсбуктегі жазбасынан

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
8 жыл бұрын 4854
0 пікір
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167