ӨЗІН-ӨЗІ ӨРТЕГЕН БАЛА ТУРАЛЫ...
ӨЗІН-ӨЗІ ӨРТЕГЕН БАЛА ТУРАЛЫ...

Алдыңгүні, яғни 24-қазанда Тараз қаласында жантүршігерлік оқиға болды. Қатыгез қоғамнан әділет іздеген 20 жасар бозбала "Нұр-Отан" ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп, нәтижесінде қатты күйіктен ауруханада қайтыс болды. Баланың соңғы сөзі "Көмектесіңіздерші" еді... Оның өртке оранған видеосын көрген сәттен қазірге дейін бұл туралы ойлай қалсам, жүрегім атқақтап келіп аузыма тығылып, көзіме жас келеді. Өрімдей жас... Өлді де қалды... Біздің қоғамның, адамдардың қатыгезденіп кеткені сондай, ол жай ғана көмек сұрап барса, бірі тырп етпес еді. (Бұл қадамға барардың алдында басқа амалдарын қарастырып көрмеді дегенге сенбеймін). Байғұс бала өзін-өзі өртеп, үнін естірткісі келді, арызын жеткізгісі келді. Мүмкін жастық ессіздікпен "өлмеймін", "өртеніп үлгермеспін", "құтқарып қалар" деп ойлаған болар... Бірақ өліп кетті... Әлеуметтік желілерде баланы біреу жақтап, біреу даттап пікір жазып жатыр... Енді біреулер кінәлілерді іздеуге кіріскен. Баланы видеоға түсіргендер табылып, жауапқа тартылып жатыр дейді. Бірақ кінәлі біреу ғана ма?

1. Анасы өлген баланы қараусыз қалдырып, өзге отбасын құрып кете барған әке қалай кінәлі болмасын?!

2. Көңілі жарымжан баланы анашаға үйретіп, теріс жолға бағыттаған досты кінәлі емес деп кім айтады?

3. Ақ-қарасын анықтамастан шешім шығарған сотты қалай кінәсіз дерсің?

4. Сөмкесіне анаша салып жіберіп, бар бәлені балаға үйіп-төккен тергеуші айыпсыз ба?

5. Бала өртеніп жатқанда кірпігін қақпастан видеоға түсіріп тұрған жан ше?

6. "Әттең, жанында болсам, өлмей тұрып жағдайын білсем, көмектесер едім" деп ойларсыз. Бірақ жанымызда Ерлан секілді талай бала жүр. Көмектесе алып жүрсіз бе??? Ендеше, мейірімсіз боп бара жатқан біздер де кінәліміз. 

7. Ал бәрінен кінәлі - еліміздегі ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез жүйе. 

Соншама адам дүрліккеннен кейін, Ерланның өліміне кінәлілер табылар, айыпталар, жауап берер. Бірақ бұл мәселенің шешімі ме? Мұндай оқиғаның қайталанбасына кім кепіл? Меніңше, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндердің өздері қатал сынға алынуы тиіс. Ол жерге біреудің өміріне салғырт қарай салмайтын, Алладан шын қорқатын адамдар баруы керек қой...  

Рас, Алла - өте әділетті. Ешкімнің қақысы ешкімге кетпес... Дегенмен, бәрін Аллаға тапсырып қоя салмай, өзіміз де айналамызға кішкене болса да мейірім тарата жүрейікші...

бала, Тараз, өрт
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
9 жыл бұрын 12437
4 пікір
  • Иә, дұрыс айтасыз
    9 жыл бұрын
  • Суицид бойынша бірінші орындарда тұрғанымыздың өзі, осы сөздеріңіздің дәлелі.
    Әркім өзінің айналасынан бастаса екен. Ауаны жұдырықтай бермей, айналамызға тоқтап зер салайық.
    9 жыл бұрын
  • Жаратқан Ием иманы таза басшыларды көбейтсе екен. Дұға етіп сұрай берейік. Бүкіл әлемде әділетсіз қоғам етек алған...Тек байлық адамзатты ойландыратын. Жасандылық,көзбояушылық. Қазағымыз бір-бірін байлығымен бағалайды. Ұрпағымызды имандылыққа баулиық,үтылмаймыз.
    9 жыл бұрын
  • Әмин!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
790257 262 418 11189 167