ҚАРИЯҒА ОРАЗА ҰСТАТҚАН АЛМА АҒАШЫ
ҚАРИЯҒА ОРАЗА ҰСТАТҚАН АЛМА АҒАШЫ

 Қойшы қарт қойларын өрістетіп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бір алма ағашының түбіне барып дем алатын. Егер жеміс піскен мезгіл болса, алма ағашымен тілдесіп: - Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой,- дейтін. Сөйткенше болмай, дәмі тіл үйіретін, исі аңқыған, балбырап піскен бір алма жерге топ ете түсетін. Қарт болса, кішкене бәкісімен әлгі алманы асықпай тілімдеп кесіп, өзімен бірге ала келген торсығындағы айранымен қоса  сәл  жүрек  жалғағаннан кейін әкесінен қалған Құранын баппен қолға  алып, жайлап оқи бастайтын.

   ..Қойшы қарт бұл алма ағашын осыдан 20 жыл бұрын отырғызған кезде жиі-жиі суғарып, намаз алдында беті-қолын шайған дәрет суының қалғанын да ырымдап соның түбіне төгетін. Қарт жүзін шайған сол судың шарапаты тиді ме, әйтеуір, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтеріп, жеміс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан қай әдемі алмаға көзі түспесін, сәл ұмсынып қол созғаны жетіп жатыр еді. Алайда одан бергі қаншама жыл ішінде қарттың бойы аласарып, белі бүгілді, ал алма ағашының бойы керісінше барынша биіктеп, шынар ағашындай жайқалып кеткен-ді. Бірақ алма ағашы қанша жайқалып өскенімен мәпелеп өсірген баланың аты бала емес пе? Оны баласындай көретін қарт  ағаш бұтақтарын алақанымен жай ғана сипап тұрып:

- Қане, балам, - дейтін, - бүгінгі несібемді түсіре ғой?

Айтқанындай, көп пәлсінбестен бір алма түсуші еді. Бұл көрініс дәл осы қалпында бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан-ды. Тіпті қарт сұрағанда, алманың түспей қалған бір де бір күні кездескен емес.

       Ауыл адамдары болса, таңғажайып бұл құбылысты сырттай бірнеше мәрте байқап, қойшы қартты «әулиеге» жорысып қойғалы қашан.

   Қарт кісі ағаш көлеңкесінде аздап тынығып, намазын оқығаннан кейін әдеттегідей сол күнгі алмасын сұрады. Алайда, бір таңғаларлығы, ағаш бұтақтары жеміске толып тұрса да, қарт қолына ештеңе түспеді. Қарт өз қалауын қанша қайталағанымен бәрібір ештеңе бола қоймады. Күткені орындалмай, кірпігі мен сақалы тарам-тарам жасқа шыланған қарт үнсіз ғана алыстап қойларына кетіп бара жатты.

   Жеміс бергелі баласы қарт көңілін еш қалдырып көрген емес еді. Мәпелеп өсірген баласына дәл осы жолы көңлі қатты қалды. Көңлі құлазыған қарттың бойы бұл жолы тіпті шөкімдей боп, белі де бұрыңғыдан бетер бүкшие түскендей.

   Малдарын қайырып, ауылға бет алғанда мешіттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрді. Азан өте бір ерекше, әуезді үнмен оқылып жатқандай. Тіпті астарынан қуаныш та сезілетін секілді. Бірден іркіліп, бойын жинап ала қойды. Қарт байғұс өмірге қайта келгендей күй кешті. Өйткені есіне бір нәрсе түскен еді.

   Бұл жолы көзіне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бірден әлгіндегі алма ағашына жеткенше асықты. Келе сала оны айналып-толғанып, кең құшағын төсей құшақтаған қарт:- Күнім, әшейін,- деді иегі кемсеңдеп жылаған күйі, - айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мен байғұсты ренжітпей тұрып-ақ білдірсең болмас па еді?! Бүгін Ораза айының алғашқы күні екен ғой?!..       

Қ.Бағашардың "Тағлым тамшылары" кітабынан

 

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
1 год назад 1693
3 комментария