ЖОҒАЛҒАН НОУТБУК
ЖОҒАЛҒАН НОУТБУК

Өткен аптадағы жұма күні ғой, Астанада оқитын сіңлім хабарласып тұр. «Әйе, (біздің әулеттегі өзімнен кішкентайлардың барлығы мені осылай атайды. Әпке дегенді білдірсе керек) сізге жаңа ғана басымнан өткен қызық оқиғаны айтып берейін бе?» – деді. Құлағымды түре қалдым. «Сабақтан шыққан соң, үйге қайтайын деп аялдамаға келдім. Арқамдағы рюкзактың да салмағы аз болмағаннан кейін, қолымдағы ноутбукты сөмкесімен аялдамадағы орындыққа қойып қойғанмын. Автобус келіп тоқтағанда оны ұмытып, өзім кете барыппын. Бес-алты аялдамадан өткен соң қолымдағы ноутбуктың жоқ екенін байқадым. Автобустан түсе салып, такси ұстап, аялдамаға құстай ұштым. Әйе, сіз үнемі «Кез келген ісіңді, дүниеңді Аллаға тапсырсаң, оған ештеңе болмайды, ал бола қалған күнде ол сен үшін қайырлы болмақ» деп айтушы едіңіз ғой. Ал мен сол күні ғана «ноутбугыңды кабинетте ұмытып кетіп, жоғалтып алма» деген группаласыма «мен оны Аллаға тапсырып қойғанмын, ал Ол – ең сенімді аманат иесі ғой» деп жауап берген едім. Есіме бірден сол сөз түсті. Ноутбугымның жоғалмағанына сенімді едім. Өйткені мен оны Аллаға аманаттап қойғанмын. Ойымды таксист ағайға айтып едім, ол күліп: «Ноутбугың орнында тұр дегенге сенбеймін. Мысалы, өзің сондай құнды бірдеңе тауып алсаң қайтарар ма едің? Әй, қайтармассың, қазір ондай адал адамдар жоқ» – деді. Мен де алған бетімнен қайтпай, өз пікірімді дәлелдеп бағудамын. Аялдамаға жақын қалдық, алыстан көз тігіп келемін, арада жарты сағаттан астам уақыт өтсе де ойлағанымдай ноутбук орнында тұр, жанында екі қыз отыр екен. Таксист ағайға: «Әне, ноутбугым орнында тұр» деп ем, басын шайқап, сенер-сенбесін білмей қарап қала берді. Қыздардың жанына келіп ем, ноутбуктың сөмкесінде жүрген бір қағаздан менің аты-жөнімді тауып алып, Вконтактеден іздеп отыр екен. Мені көріп, «Назеркесің бе?» деп олар да қуанып кетті. Енді міне, ноутбугымды құшақтап, Аллаға шүкіршлік айтып, аялдамада отырмын. Сізге Алланың шексіз мейірімді екеніне, өмірде қайырымды жандардың көптігіне көзім жеткенін айтқым келіп, хабарласып жатқаным ғой», – дейді сіңлім. Сіңлімнің Құдайға деген тәуекеліне қатты риза болдым. Оған шын сеніп еді, Одан жауап болды. Маған ол ноутбугын тауып алғаннан гөрі, сенімінің ақталғанына, айналасында мейірімді адамдардың көптігіне мәз болып тұрған сияқты көрінді...

Өмірде жаман адамдардан гөрі жақсы, мейірімді адамдардың көбірек екеніне осы бір оқиға дәлел. Ендеше біз де өмірімізде жақсы адамдардың көптеп кездесетіне сенейік, өзіміз де айналамызға қуаныш сыйлайтын сол жақсы адамдардың қатарынан болайық!

Әрине, адамдар – мейірімді. Бірақ әлемге өз жанындағы мейірімнің бір пайызын жіберіп, 99-ын алып қалған Раббымыз одан да мейірімді. 

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
2 года назад 841
2 комментария
  • Иә, бұйырған кетпейді, қуған жетпейді деген осы да.
    2 года назад
  • Иә расыменде. Шынайы сенім иман күштілігінен туындайды. Кейде біз кіші-гірім нәрселерді өзіміз істейміз деген сенім болып (Мысалы: "қазір мен пікір жазамын" деген сияқты), ал үлкен іске келгенде Аллаға жүгінетініміз бар. Негізінде Алла барлық нәрсені бақылаушы. Кішкентай іске сенімділікпен кіріскеніміздей үлкен іске де Алла береді деген сеніммен кіріссек Алла ол істі жаратады. "Ин шаа Алла" сөзіндегі "шәа а" сөзі жарату дегенге саяды емес пе? Яғни "Алла жаратса"
    2 года назад
  • Керемет. Кіршіксіз Аллаға сенсек Алла барлығын да естуші.
    2 года назад
  • А.с
    1 год назад