53 мың доллар тұратын бақыт
53 мың доллар тұратын бақыт

Баи Фанг Ли Қытайдағы шағын қалашықта велотаксидің жүргізушісі болатын. Ол азаннан кешке дейін тынбай жұмыс істейтін. Ли қызметіне нақты ақы қоймаса да, пассажирлері оның мейірімділігі мен көтеріңкі көңіл-күйіне бола, артығырақ төлейді екен. Бір жағынан көпшілігі нанын ауыр еңбекпен тауып жүрген мейірімді ақсақалға қолдау көрсеткісі келсе керек. Ол жұпынылау, жағдайы жасалмаған пәтерде, кедей аудандардың бірінде тұрыпты. Лидің тапқан табысы өзінің жағдайын жасауға, жақсырақ тұруына жететін еді, бірақ ол басқаларға көмектесу үшін жұмыс істейтін.

Бірде 74 жасар Ли жалданып ауыр жұмыс істеп жатқан 6 жасар баланы байқап қалады. Бала ақысын алғанда қатты қуанады, сонысына қарамастан нанды қоқыстан алып жейді. Таңғалған ақсақал баладан неге олай істегенін сұрай бастайды. Сөйтсе, кішкентай баланың әке-шешесі жоғалып кеткен, үйінде екі қарындасы бар екен. Өзі нанды қоқыстан жесе де мәз, тек қарындастарының қарнын аштырмаса болғаны. Баланың мейірімге толы жұдырықтай жүрегі ақсақалды таңғалдырады. Сосын оларды балалар үйіне орналастырып, өмір сүрулері үшін өз айлығынан ақша төлеп тұратын болады. Ли бөлмесінің ақысы мен түскі асына ғана аз-маз қаражат қалдырып, қалған табысын балалар үйіне беретін еді. Сонысына қарамастан, өзінің қарапайым өміріне риза болатын. «Тұратын жер, ішетін тамақ, киетін киімім бар. Одан артық не керек?» деп ойлайтын үнемі. Өзінің арқасында балалардың аштықтан құтылып, білім алып жатқаны ойына оралғанда ауыр тұрмысының өзі жеңілдеп кеткендей сезілетін. Уақыт өте қария балалар үйіне тапсырған үш бала өседі, өмірден өз орындарын табады. Соған қарамастан Ли жетімдер үйіне ақша беруін тоқтатпайды. Мейірімді қария 93 жас ғұмыр кешіп, кедейлік пен кәрілік жеңіп, өмірден өтіпті...

Ал балалар үйінің қызметкерлері Ли қайтыс болғаннан кейін ол садақа еткен ақшаны есептейді. Сөйтсе ақсақал 53 мың долларды өзге адамдардың қуанышына жұмсаған күйі, бұ дүниемен қоштасып кете барыпты...

Мүмкін Ли 53 мың долларға үй алар ма еді... жоқ, жақсы киініп, дәмді тамақтанар ма еді? Бірақ ол оған бақыт сыйлайтын ба еді? Адам өзгелерді қуантқанда бақыттырақ бола түсетінін Ли мырза ерте байқап қойған секілді...) Біреулер бар байлығын сарп етіп, таудан, тастан іздеп жүрген бақытты, бар-жоғы 53 мың долларға сатып алғанын Лидің өзі сезді ме екен...

Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
2 года назад 1314
2 комментария

  • Адам біреуге жақсылық жасағанда бойында қуанышқа бөлейтін гармон бөлінеді екен. Бұл рас əңгіме. Біреуге жақсылық жасағанда қуанатының да, ерекше бақытқа бөленетінің де сондықтан.
    2 года назад
  • Қарияның жаны жомарт, өзі мейірімді екен. Үлгі болса осындай кісілер үлгі болады, үлгі алсақ осындай жандардан үлгі алайық!
    2 года назад