Адамның дәрежесін көтеретін - білім
Адамның дәрежесін көтеретін - білім

Біз жақтан шыққан, қазір бүкіл Қазақ еліне құрметті кәсіпкер ағамыз бар. Ол кісінің ата-анасы менің ата-апаммен замандас. Апам ол туралы: "Кезінде қарапайым, жағдайлары бірде бар, бірде жоқ жұпыны ғана отбасы еді. Осы балалары ерекше болып, білімнің соңына түсіп, үлкен жетістікке жетті. Енді бір отбасын ғана емес, бүкіл ауылының жағдайын жасап отыр. Алла тағала берем десе, береді екен ғой. Сендерге Алланың берері таусылмасын" деп отырады үнемі. Мен де ол кісіге қараймын да, қаршадай кезінен білім соңына түсіп, ақыры білгенін еңбекпен жүзеге асырған, сол арқылы айналасына құрметті болып, дәрежесі көтерілген, бүгінде үлкен мінберлерден көрінетін тұлғасына риза боламын. Білім кішікті ұлық етті деген осы шығар...

Дүниеден Ата ибн Әбу Рабах атты табиғин ғалым өткен. Оның білімділігі сондай, заманында Меккеде пәтуаны содан ғана сұрайды екен. Бірде қажылық кезінде мүміндердің әміршісі Сүлеймен ибн Әбдүлмәлік халифа да жанына екі ұлын ертіп парызын өтеу үшін Қағбаға келіпті. Халифа тәуап жасап болғаннан кейін, Харам мешітінің имамы Ата ибн Рабахты іздейді. Анадайда беріліп намаз оқып жатқанын көреді. Халифа жанына жеткенше, ғалымның маңайына адамдар жиналып қалады. Сүлеймен ибн Әбдумәлік Атаға жақын келіп, сәлем береді. Білмеген сұрақтарын сұрап, жауап алады. Сонда әкесінің жанында тұрған ұлдары халифаға "патша" екен деп көңіл де аудармаған ғалымның қара нәсілді, қап-қара бұйра шашты, шоң мұрынды қарт екенін көріп, таңғалады. Ал ол уақытта көптеген қара нәсілділерді арабтардың құл ретінде ұстағаны белгілі. Әкелеріне өзге адамдардың ерекше құрмет көрсететіне үйреніп қалғанын олардың жүздерінен байқауға болар еді. Сонда халифа ұлдарының түріндегі өзгерісті байқап: "Балаларым, білім алыңдар! Білім кішікті ұлық қылады, надандықтан оятады, құлдарды патшалар мәртебесіне көтереді", - деген екен. 
Ата ибн Рабахтың оқиғасы білім арқылы "құлдың" патшаның мәртебесіне көтерілгені емей, немене?!

Сондықтан, тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеу - біздің парызымыз, мойнымыздағы қарызымыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар - пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені", - деген сөзі бар.

Білім жолындағы жандарды қатты құрметтеймін. Оларға қайырлы, еліне пайдалы білім нәсіп болғай деп тілеймін. Ал сіздердің дәрежелеріңізді Алла білімдеріңізбен көтерсін! 
Білім алуымызға мүмкіндік берген Аллаға шүкір!


#1күн #365_күнге_365_шүкір #шүкіршілік_күнделігі

білім, шүкіршілік күнделігі
Марфуға ШапиянМарфуға Шапиян
10 ай бұрын 905
0 пікір